Болашақ құқықтанушылардың республикалық олимпиадасы өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте құқық саласы бойынша өткен республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері  арасында ұйымдастырылған білім сайысы Елбасының кезекті Жолдауы аясында өткізіліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құқықтық мемлекет құрудағы қылмыстық заңнаманың өзектілігі» атты сайысқа Алматы, Астана, Қызылорда,Түркістан мен Шымкент қалаларынан 8 команда қатысты. Шара барысында  шым шаһарға қарасты Еңбекші аудандық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов білімгерлерге өз кеңесін берді. Елімізде қолға алынған жаңа жобалардың тиімділігіне тоқталып, жастарды білікті маман болуға шақырды. Заң саласының шәкірттері байқау барысында өздерінің теорияда алған білімдерін тәжірибе жүзінде көрсетіп бақты. Викториналық сұрақтарға жауап беріп, ой тапқырлығы мен жүйріктігін көрсетті. Бірнеше кезеңнен тұрған сайыста студенттер сот шешімдерінің дұрыс-бұрыстығын саралады.

Қорытындысында, үшінші  орынды «Әділет» және «Заңгер» командалары бөліссе,  екінші орынды «Сақшылар» командасы жеңіп алды. Бірінші орынға Аймақтық әлеуметтік университеттің «Жеті жарғы» командасы лайық деп табылды. Бас жүлдені астаналық команда иеленді.

Айта кетейік,  елімізде құқық пәні бойынша жыл сайын түрлі сайыстар өткізіледі. Бұл байқау  Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сайыс қорытындысына сай, үздік деп танылған командалар арнайы сый-сияпаттармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар