Бокстан әлем чемпионы Қайрат Ералиев оңтүстіктің жастарымен кездесті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, бокстан әлем чемпионы Қайрат Ералиев жастармен және мектеп оқушылармен кездесті. Облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен басқосуда спортшы өмір тәжірибесі туралы әңгімелеп, алға қойған мақсаттары мен болашақ жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған кездесу Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның бокс залында өтті.  Еркін форматта өткен кездесуде Қайрат Ералиев жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, тұрақты түрде спортпен шұғылдануға кеңес берді. Олардың көптеген түрлі сауалдарына жауап берді. Жастарды  әлем чемпионының жеке өмірі қызықтырып, тіпті отбасын құру мәселесін де қозғап өтті. Кездесу соңында Қайрат Ералиев, жастарды өмірлік арман, мақсат үшін күресуге шақырып, жиналған жас жеткіншектерді бокс әліппесімен таныстырды.

Естеріңізге сала кетейік, Қайрат Ералиев  Германияның Гамбург қаласында өткен  бокстан әлем чемпионатында жеңіске жеткен болатын.  56 келі салмақ санатында жарыс жолына шыққан былғары қолғап шебері финалда америкалық Дюк Раганмен жұдырық түйістірді.   Тартысты өткен жекпе-жек нәтижесінде төрешілер жеңісті қазақ боксшысына берді. 

Соңғы жаңалықтар