Боксшы Иса Ақбербаев туралы не білеміз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Балуан Шолақ стадионында кәсіпқой бокс кеші өтеді.

Кештің басты оқиғасы бірінші ауыр салмақтағы IBO нұсқасы бойынша интерқұрлықтық чемпион, Global Boxing Council нұсқасының үш дүркін әлем чемпионы Иса Ақбербаев (17-0, 12 КО) пен Германия боксшысы Майк Курцвейл (16-6, 16 КО) арасындағы титулдық жекпе-жек болмақ.

Иса Ақбербаев спортсүйер жұрт үшін жақсы таныс, алайда қарапайым xалық оның кім екенін, қандай боксшылармен күш сынасқандығын біле бермейді.

Иса Ақбербаев кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін 2009 жылы өткізді. Жетінші жекпе-жегінде WBC нұсқасы бойынша Азия чемпионы атанды.

2013 жылдың қаңтар айында АҚШ-та жергілікті боксшы Энтони Феррантемен жұдырықтасты. Ферранте Исаны 10-раундта нокаутқа жіберді. Дегенмен көп ұзамай, америкалықтың қанынан допинг табылып, жекпе-жек нәтижесі жойылды.

2015 жылы ақпан айында Иса Ақбербаев 1-раундта аргентиналық боксшы Рубен Анxель Миноны сұлатып салды.

2015 жылдың маусым айында Берлинде бразилиялық Жулио Сезар Дос Сантосқа қарсы өткізген кездесуде Global Boxing Council нұсқасы бойынша әлем чемпионы титулын сәтті қорғап шықты. Қазылар 117-110, 117-110, 116-111 есебімен жеңісті қазақстандыққа берді.

2016 жылы сәуірде 7-раундта венгр Габор Халасты нокаутпен жеңіп, Global Boxing Council белдігін екінші мәрте қорғап шықты.

Иса Ақбербаев өте сауатты, соққылары қарымды боксшы. Оның бір жылдары Геннадий Головкинмен бірге, Абель Санчестің атақты Big Bear жаттығу залында дайындалғанын да айта кеткен жөн.

Естеріңізге сала кетейік, 24 қыркүйек күні Алматыда өтетін шаршы алаң шоуында қазақ елінің сегіз бірдей кәсіпқой боксшысы ринге шығады деп күтілуде. Олардың арасында Әли Ахметов, Берікбай Нұрымбетов, Александр Журавский секілді спортшылар бар. Көрермендер Фируза Шарипованың өнеріне де баға береді. Фирузаның қарсыласы Кристина Копане. «Хабар» арнасы бокс кешінен тікелей репортаж беруді жоспарлап отырғанын да айта кетейік.

Алматыда өтетін кәсіпқой боксшылардың жекпе-жегінде Геннадий Головкин мен Василий Жиров қазақстандық спортшыларға қолдау көрсетеді. Бұл туралы Әлем чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Иса Ақбераевтың промаутері Рустам Абдусаламов мәлім етті.

Аталмыш бокс кеші ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Алматы қаласының 1000 жылдығына орай ұйымдастырылуда.



Соңғы жаңалықтар