Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына арналған қазақ күресі федерациясының кубогы өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы қазақ күресі федерациясы Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы мен Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен, 21 желтоқсан күні Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына орайластырылған клубтық командалар арасындағы Қазақстан Республикасы қазақ күресі федерациясының кубогы өтеді.

Федерация кубогына еліміз бойынша тоғыз клубтық команда қатысады. Олардың қатарында қазақ күресінен мамандандырылған мемлекеттік және жеке спорт клубтары бар. Бекітілген регламент бойынша жарысқа 18 жасқа толған балуандар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 келіге дейінгі және 100 келіден жоғары салмақ дәрежелері бойынша клуб сапында қатыса алады. Турнир «бетпе-бет» олимпиадалық схемасы бойынша өтеді.

Кубоктың жалпы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. Бұл еліміз бойынша жүлде қорының қомақтылығы жағынан алғашқы үштікке кіретін жоба болып есептеледі.

Клубтық командалар арасында өтетін турнирде «Қазақстан Барысы» мен «Еуразия Барысы» турнирі арқылы көпшілікке кеңінен танымал балуандар өз аймағының намысын қорғайды. Мысалы, Жамбыл облысынан - қазақ күресінен Әлем чемпиондары Айбол Айтбек, Дәулет Пахриденов күш сынасады.   Семей қаласынан былтырғы өткен Кубок жеңімпаздары - Айбек Нұғымаров, Мұхит Тұрсынов, Айдос Сейпілұлы сынды балуандар қатысады. Қарағанды облысынан «Қазақстан Барысы» турнирінің жүлдегерлері - Асыл Барменов, Ержан Шынкеев те күреседі. Астана қаласының «Елорда батыры» клубының қатарында Ғани Сейділдаев, Айбат Сейтен, Бағдәулет Сәбитов сынды балуандар сынға түседі. Алматы қаласының «Qazaq kuresi» клубынан - Руслан Әбдіразақов («Қазақстан Барысының» 2 дүркін жүлдегері), Əлем чемпионы Әбзал Арыстанбеков, екі дүркін «Еуразия Барысы» Марат Нығматұллаев белдеседі.

Жарысқа мына клубтар қатысады:

1 «Qazaq kuresi» клубы - Алматы қаласы.

2 «Елорда батыры» қазақ күресі спорт клубы  - Астана қаласы.

3 «ЗАК КАР» қазақ күресі спорт клубы - Қарағанды қаласы.

4 Қайырбаев атындағы ұлттық және халықтық спорт түрлері бойынша спорт клубы - Павлодар қаласы.

5 Семей қаласының мемлекеттік медицина университетінің клубы - Семей қаласы

6 «Тарбағатай» қазақ күресі спорт клубы - Шығыс Қазақстан облысы.

7 Жамбыл облысының қазақ күресі клубы - Тараз қаласы.

8 «Алакөл» қазақ күресі клубы - Алматы облысы. 

9. «Сапа-Арена» спорттық клубы - Талдықорған қаласы.

Бірінші орын алған команда 1 орын  - 10  000 000 (он миллион), екінші орын 6 000 000 (алты миллион), үшінші орын  4 000 000 (төрт  миллион) теңгеге ие болады.

Соңғы жаңалықтар