Бодрумдағы Қазақстан азаматтарымен байланыс орнатылды - Түркиядағы ҚР Елшілігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жойқын жер сілкінісі тіркелген Бодрум провинциясында 51 Қазақстан азаматы демалуда. Бұл туралы жергілікті туристік агенттіктерден мәлімет жинаған Түркиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.

«21 шілдеде басталған Түркияда Эгей теңізінің жағалауындағы аймақтарда жер сілкінісі қайталанып отыр. Бодрум провинциясы әкімдігі мен Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметтеріне сәйкес, 21 шілдеде жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 20:09-да тербелісі 5 балдық жер сілкінісі бір рет болған, сондай-ақ мезгіл-мезгіл сайын қайталанып отырған дүмпулер 4 балдан аспауда. Ыстанбұл техникалық университетінің Геофизика бөлімінің мамандарының хабарлауынша ендігі кезекте алғашқы жер сілкінісінен кейін тағы бір жоғары сілкініс болу ықтималы өте аз. Өз кезегінде, 5 балдан төмен қосалқы сілкіністер 3 аптаға созылуы мүмкін.

Түркияның Кандилли жер сілкінісі обсерваториясының директоры Халук Өзенердің айтуынша, Түркия аумағының 80-85 пайызында жер сілкінісі болу қаупі бар. Әр 25-30 жылда жаңа бір жер сілкінісі, әр 1,5-2 жылда күштілігі 6 балдан асатын жер сілкінісі болып отыруы мүмкін. Қазіргі таңда түрік үкіметі аталған жағдайға байланысты дағдарыс орталығын құрған. Осы ретте, Бодрум аймағындағы ғимараттардың алғашқы жер дүмпуінде кішігірім зардаптардың орын алуы, осы аймақтағы ғимараттардың аласа болуы және сапалы болуының арқасында болып отыр. Жергілікті ресми мәліметтерге сәйкес, зілзалалар салдарынан қаза тапқандар тіркелмеді, жарақат алғандардың ішінде ҚР азаматтары жоқ», - делінген хабарламада.

Елшіліктің хабарлауынша, Бодрумдағы туристік нысандар және жергілікті әуежай, халықаралық бағыттағы әуекомпанияларының ұшулары тұрақты түрде жалғасып жатыр.

«ҚР Ыстанбұлдағы Бас консулдығы жергілікті билікпен, қазақстандық туристік операторлармен (әсіресе, Бодрум бағытында жұмыс істейтін қазақстандық «Компас» туристік компаниясымен) және Алматы - Ыстанбұл (Сабиха Гөкчен халықаралық әуежайы) - Бодрум бағыты бойынша тұрақты ұшатын Пегасус әуежолдары компаниясының өкілдерімен тығыз байланыс орнатылды. Пегасус әуе жолдарының мәліметтеріне сәйкес, әуе компанияның тұрақты Алматы-Ыстанбұл-Бодрум бағыттары бойынша ұшулары кестеге сәйкес жалғастырылуда», - делінген хабарламада.

Қазір Елшілік Қазақстан азаматтарымен байланыс орнатуды қолға алған. «Телефон соққан ҚР азаматтарымен және Бодрумда орналасқан қонақ үйлермен жеке-жеке байланыс құрып азаматтарымыз жайында ақпарат жинақтау жұмыстары жалғасуда.

Қазіргі таңда аталған аймақтардағы 20-ға жуық азаматтармен байланыс орнатылды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес туристік агенттіктер арқылы Бодрум провинциясында 51 ҚР азаматы демалуда. ҚР азаматтарының қалауы бойынша Түркияның басқа аймақтарында демалыстарын жалғастыру үшін туристік агенттіктермен хабарласып, тікелей байланыс орнатылды»,  - деп мәлім етті дипломаттар.

Бодрум бағытында жұмыс істейтін қазақстандық «Компас» түристік агенттігінің ақпаратына сәйкес, Пегасус әуекомпаниясымен алдағы аптада шамамен 60 Қазақстан азаматының Бодрум қаласына ұшуы күтілуде. Түрік әуе жолдары 22 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 19.00-да 157 адамдық ТК 4910 рейсімен қосымша тасымалдау жасайтыны және күнделікті рейстерге жолаушы санын арттыратыны туралы хабарлайды.

Түркиядағы Қазақстан Елшілігі қауырт желі құрғанын мәлімдеді. «Жалпы алғанда, Ыстанбұлдағы Елшілік және Анталиядағы консулдық ахуалды бақылауда ұстауда. Отандастарымыздың ақпарат және көмек алу бойынша тікелей және жедел байланыс құрылған. Олар:

- Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі (Анкара қаласы): +90 312 491 91 00- ішкі нөмірі: 9

- ҚР Ыстанбұлдағы Бас консулдығы: +90 212 662 53 47/48- ішкі нөмірі: 111

- ҚР Анталиядағы консулдығы: +90 242 324 26 11», - делінген жазбада.

Соңғы жаңалықтар