БҚО театрында «Тозақ шеңбері» драмасының премьерасы өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының қазақ драма театры белгілі жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досановтың «Тозақ шеңбері» драмасын сахналады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.



Желтоқсан оқиғасына арналған, барша қазақ елінің жүрегіне жара салған азалы күндерді арқау еткен спектакльді қойған режиссер Самал Әбуов жаңаша шешім тапқан. Сондай-ақ суретші Мұрат Мәмбетов пен балетмейстер Қарлығаш Қадырбекованың еңбегі мол. Бас кейіпкер, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің рөлінде Жасқайрат Валиуллиев ойнаса, анасы Дәметкенді Эльмира Мақашева сомдады. Фатима ролін Ақжан Орынбасарова ашса, Щербаны Талиғат Жігеров сәтті шығарды. Сахна декорациясы ұтымды әрі спектакль негізінен жастардың ойнауымен ерекшеленді.



Премьераға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов театр ұжымына ризашылығын білдірді.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қойылған спектакльдің тұсаукесеріне драма авторы Сәбит Досанов, оның жары, белгілі ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құралай Аққошқарова, жазушының інісі, кәсіпкер Ғабит Досанов, елге танымал ақындар Өтеген Оралбаев, Қазыбек Иса арнайы келді.

Қойылымға С.Досанов жоғары бағасын беріп, батысқазақстандық театр ұжымына шынайы алғысын айтты. Өзінің сөзіне қарағанда, автор аталмыш туындыны Желтоқсан оқиғасы өтісімен жазған. Алайда өткен ғасырда пьесаны қоюға талпыныстар болғанымен, көпке дейін сәті түспеген. Кедергілер де болмай қалмаған. Тек кітапқа басылып шыққаннан кейін ғана қырғыз театры алғаш сахналады. Содан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры қойды. Үшінші болып батысқазақстандық театр қолға алды.



«Кез келген драматургиялық туындының мәтін күйіндегі нұсқасы бір бөлек болса, сол көркемдік әлемін сахналық жанды қозғалысқа енгізу үшін режиссерлік шешім табу да оңай емес. Оның үстіне автордың өзі қатысып отырса, жауапкершілік екі есе арта түсері сөзсіз. Қоюшы режиссер Самал Әбуовтың ізденісі авторға және барша көрерменге әсер еткені анық байқалды. Желтоқсан тақырыбы - Тәуелсіз Қазақстан үшін мәңгілік тақырып. Бұл мәселені қозғасақ, қаралы да қасіретті жылдардың елесі санамызды осып өтері анық. Желтоқсан оқиғасын бүгінгі ұрпақ көрген жоқ, бірақ осындай ақиқатты ту еткен қаламгерлердің туындылары арқылы санамызға сіңіре түссек, ұтылмасымыз анық. Тарихты ұмытпау, өткеннен сабақ алып, тәубеге келу, Тәуелсіздік сынды қасиетті ұғымның қадір-қасиетін ұлықтау осындай шынайы шаралардан бастау алса керек. Рухани жаңғыру үшін шоу жасамай-ақ, осындай мәнді, мағыналы дүниелерді қолдау керек. Театр әртістерінің үйлесімді қимылы, шебер ойындары Желтоқсан көтерілісінің лебін анық сездірді. Кей тұстарда көзге еріксіз жас келді. Мысалы, ана болып аңыраған Эльмира Мақашева шыққанда, терең ойға батырды. Қойылымнан керемет әсер алдық», - деді көрермендердің бірі, ғалым Айдарбек Ақболатов.

Соңғы жаңалықтар