БҚО соты мен кәсіпкерлер палатасы меморандумға қол қойды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Достық үйінде БҚО соты мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқықтарын қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов елімізде кәсіпкерлікті дамытуда мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келе жатқанын жеткізді. Осы орайда кәсіпкерлердің құқықтық жағынан қорғалуының маңызы ерекше. Елбасы тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнесті түбегейлі жақсарту мен кеңейту бағытында нақты шаралар қолға алынып, 2050 жылға дейін ішкі жалпы өнімнің пайыздық деңгейін 50 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылғаны белгілі. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысында да кәсіпкерлік көкжиегі кеңейе түсуде. Қазіргі таңда 48 мыңдай шағын және орта бизнес нысандарында 120 мыңдай адам еңбек етуде. Өңір басшысы Алтай Көлгінов ай сайын кәсіпкерлерді көкейкесті мәселелері бойынша қабылдап, олардың оңтайлы шешілуіне нақты ықпал етілуде. Соңғы кезде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Қазіргі таңда алты мыңдай тұрғын жұмыс жасайтын кооперативтер саны 180-ге жетті.
null

Басқосуда БҚО сотының төрағасы Бек Әметов кәсіпкерлер құқығын қорғау ісінде сот жүйесінің маңызды рөл атқаратындығын атап өтті. Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясында көрсетілгеніндей, кәсіпкерлердің, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда сот жүйесі басты орын алады. Бұл ретте ауданаралық экономикалық соттардың жұмысын жетілдірумен бірге өзара ынтымақтастық аясында кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында және биліктің бір тармағы ретінде соттардың тәуелсіздігі жөнінде ақпараттық түсінік жұмыстарын жүргізуі керек.
null 

БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Исатай Сматовтың сөзіне қарағанда, кәсіпкерлердің құқықтарын көбінесе атқарушы және бақылаушы құрылымдар бұзады. Оның ішінде заңсыз міндеттерді жүктеу, салық және құқық қорғау құрылымдары тарапынан болатын тексерістер, түрлі құжаттар алудағы сөзбұйдаға салушылық бар. Мұның бәрі кәсіпкерлердің қалыпты жұмысына кедергі болады.

Бек Әметов пен өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин қол қойған меморандумға сәйкес аталмыш палата өкілдерінің сот ақпараттарына қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Басты төрт бағыт бойынша: кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін көздейтін заңдылықтарды жетілдіру, кәсіпкерлік өкілдерінің қатысымен өтетін сот істерін қарауда кәсіпкерлік субъектілерін ұйымдастыру, құқықтық жағынан қамтамасыз ету, экономикалық сипаттағы дауларды қараудың баламалы және сотқа дейінгі формаларын қолдану және ұйымдастыруда әдістемелік, құқықтық көмек көрсету, кәсіпкерлерді сот жүйесінің қызметі жөнінде ақпараттану деңгейін көтеру бойынша әріптестік дамитын болады.

Соңғы жаңалықтар