БҚО соттары цифрлық технологияларға көшті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының соттары цифрлық технологияларға көшті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БҚО соттар әкімшісі Нұрлан Қажғановтың мәлім еткеніндей, сот жүйесі биліктің бір тармағы  ретінде электронды құжат айналымын енгізіп, электронды сот ісін жүргізуге көшуде. Азаматтық, қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданыла бастаған дыбыс-бейнежазба құрылғысы сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Бүгінгі таңда облыста 69 сот мәжілісі залы (100 пайыз) дыбыс-бейнежазба құралдарымен жабдықталған. 2017 жылы тағайындалған 49 623 сот мәжілісінің барлығы дыбыс-бейнежазба құралын қолдану арқылы өткен. Облыстың барлық соттарына орнатылған бейнеконференцбайланыс жүйесі аумақтық және аудандық соттар араларындағы дистанциялық оқытуға, семинарларды өткізуге, қашықтықтан қатынасу тәсілімен сот төрелігін жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді. Өткен жылы осы жүйе арқылы онлайн режимде қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен келіп түскен 622 материал қаралды.

Бұйрық арқылы сот ісін жүргізуге арналған электрондық сервис те - сот жүйесіндегі тиімді құралдардың бірі. Ол арызды беру және тіркеу сатысынан бастап, заңды күшіне енген сот актісін орындауға жібергенге дейінгі қараудың жаңа тәртібі сот ісін жүргізуді едәуір қысқартып, сот жүйесіне жүктемені төмендетуге септігін тигізді.  Өткен жылдың 17 шілдесінен бастап соттар 6055 арызды электрондық тәсілмен қарады.

Елімізде 2017 жылдың 20 қыркүйегінен бастап «Электрондық қылмыстық іс» пилоттық жобасы мен «Жазаны тағайындау» пилоттық талдау сервисі іске қосылды. Олар қылмыстық процестің ашықтығын жоғарылатып, қағаз құжат айналымына шығындарды төмендетті.  

Жылдан-жылға Қазақстанда сотта қаралған істер саны артуда. Оның санын медиация қысқартуы тиіс. 2017 жылғы 28 қарашада «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облыстық соты мен облыс әкімдігінің «Цифрлық технологиялар арқылы медиацияға қол жеткізу» бірлескен пилоттық жобасы таныстырылды. Жоба азаматтардың медиаторлардың қызметіне жүгінуін ыңғайлы етуге бағытталған. Оңайлатылған жоба азаматтардың әуре-сарсаңға түспеуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау органдарының жұмысын азайтады. Электрондық сервис №1 ХҚКО-да іске қосылды.

«Жобаның екінші кезеңі 2018 жылдан бастап енгізілмек. Сервис барлық азаматтарға қолжетімді болып, ол үшін арнайы портал құрылатын болады. Сервисті пайдаланушы сілтеме бойынша кіріп, медиация туралы материалдармен танысып, медиаторлардың тізімін, жұмыс кестесін, пікірлерді, медиатордың жұмыс тәжірибесін және т.б. мәліметтерді қарай алады. Сервис мобильді қосымшада қолжетімді, оны көшіріп алуға және дербес гаджеттер мен смартфондарға орнатуға болады», деді Н.Қажғанов.  

Брифингте сондай-ақ БҚО сотының төрағасы Бек Әметов өткен жылы облыс соттарында қаралған қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерге тоқталды. 

Соңғы жаңалықтар