БҚО: Шыңғырлауда Ұлттық қор есебінен 290 орындық балабақша іске қосылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Шыңғырлау ауданы орталығы Шыңғырлау ауылында Ұлттық қор қаржысы есебінен 290 орындық балабақша іске қосылды. Соның нәтижесінде балдырғандарды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайызға жеткізілді.

Орталық коммуникациялар қызметі БҚО филиалында өткізілген баспасөз мәслихатында аудан әкімі Альберт Есалиевтің бүгін мәлім еткеніндей, бұған дейін аудан орталығында бұл мәселе шешілмей келген еді.

Оның айтуынша, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес ауданның 2020 жылға дейінгі даму жоспары жасалып, негізгі бағыттар айқындалды. Ауданда «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020», «Бизнестің жол картасы - 2020», «Агробизнес - 2020» бағдарламалары табысты орындалуда.

1 қыркүйекке дейінгі мәлімет бойынша шекаралық өңір болып есептелетін Шыңғырлауда 15326 тұрғын есепке ілінсе, аудан аумағы 722989 гектарды құрайды. Биылғы сегіз айда жергілікті бюджетке салық пен басқа да төлемдер бойынша 236,949 млн. теңге түсіп, жоспар 22,8 пайызға немесе 43,970 млн. теңгеге артық орындалды. Бұл ретте ауданда шағын және орта бизнес өкілдерінің көбеюі, коммуналдық нысандарды жекешелендіруге беру есебінен салық базасының артуы байқалады. Мысалы, күні бүгінге дейін коммуналдық меншіктегі 7 нысанды сатудан және үшеуін жалға беруден аудан бюджетіне 12,244 млн. теңге түсті. Сол секілді 5 елді мекеннің иесіз жатқан ұзындығы 45 шақырым ауылішілік газ құбырларының құжаттары дайын болған соң, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның теңгеріміне беріледі.

Негізгі қаржыға қосылған инвестиция көлемі де жыл сайын артуда. Соңғы сегіз айда 701,379 млн. теңге инвестиция құйылды, бұл өткен жылғыдан 6 пайызға көп.

«Агробизнес - 2020», «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары негізінде егін шаруашылығы дамып, мал басы өсе түсуде. Соның ішінде мал тұқымын асылдандыруға айрықша көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы шараларға Үкіметтен 68,204 млн. теңге төленіп отыр. Сонымен қатар ауылдық округтерде 9 ауылдық тұтынушылар кооперативтері құрылып, жұмыс жасауда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасына сәйкес 5 тұрғын мал бордақылау алаңын ашуды ойластыруда.

Жыл басынан бері 2047 тонна ет, 10603 тонна сүт, 2 млн. 270 мың дана жұмыртқа өндірілді. Оған қоса биыл егіннен жақсы өнім алынды. 11025 гектар егістіктің 3647 гектарына дәнді дақылдар егілсе, содан 4360 тонна өнім алынды. Қазіргі кезде күздік бидай егу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар алдағы қыстаққа 89100 тонна мал азығы дайындалып, жоспар 16 мың тоннаға асыра орындалды.

Техникалардың дені тозығы жеткендіктен, осы мәселені шешу мақсатында биыл 55,240 млн. теңгеге 15 ауыл шаруашылығы техникасы мен құралдары алынды.

Ауданда кәсіппен айналысамын деушілерге барынша жағдай жасалуда. Кәсібін дөңгелетемін дейтін агроқұрылымдарға егістік, жайылым, шабындық алқаптары еш кедергісіз берілуде. Ал керісінше бос жатқан жерлер мемлекеттің қорына қайтарылуда. Бүгінгі күннің өзінде 24 шаруа қожалығы ашылып, оларға жалпы көлемі 20953 гектар, соның ішінде 4937 гектар егістік, 80 гектар шабындық, 15936 гектар жайылым жер учаскелері берілді. 4 агроқұрылымның жалпы көлемі 2694 гектар жер учаскелері мемлекетке қайтарылып, 13 агроқұрылымға жер инспекциясымен ескерту берілді. 2 ауылдық округттің аумағындағы 62 гектар су көлтабаңдардың құжаттарын сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Екі шаруа қожалығы Лубен, Жанакүш ауылдарының маңындағы бөгеттерді жалға алып, бау-бақша салып, балық өсіруде. Сондай-ақ, Белогор ауылдық округінің Шаңды бөгетіне балық өсіру, бақша салу үшін 1 инвестор қызығушылық танытып, бүгінгі күнге әзірлік жұмыстары жүргізілуде.

Кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуы, біріншіден, жұмыссыздықтың азаюына, екіншіден, халық сұранысын қанағаттандыруға, үшіншіден, салық базасының артуына әсер етеді. Жыл өткен сайын ауданда халыққа қызмет көрсететін шағын және орта бизнес нысандары көбеюде. Былтырдың өзінде азық-түлік супермаркеті, ойын-сауық кешені, шағын кафелер, дүкендер іске қосылса, биыл да бұл бағытта жақсы көрсеткіштер баршылық. Мәселен, аудан орталығында бетондық бұйымдар, керамзит тастар, брусчатка өндіретін «Битимбаева» жеке кәсіпкерлігі өз қызметін бастады. Өндіретін өнімі облыс орталығының бағасымен тең. Сұраныс бар. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер аудан орталығында фармацевтикалық кешен, бизнес орталығы және шағын маркет салуға қызығушылық танытып отыр. Жуырда аудан орталығында мал сою пункті, шағын пиццерия ашылды. Жыл аяғына дейін балаларға арналған кафені іске қосу көзделуде. Дегенмен, аудан халқының сұранысын өтеу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндеу орындарын ашу басты бағыт болып отыр. Бұл жұмысты жүйелі жалғастыру үшін сүт, тері, жүн өнімдерін өндейтін кәсіпорын ошақтарын ашуға баса назар аударылуда. 2015 жылы Ақтау және Орал қалаларынан жеке кәсіпкерлер келіп, ауданда жалға жер алып, шаруаларын дөңгелете бастаған болатын. Ендігі кезекте осы кәсіпкерлердің бірі Сегізсай ауылында мал сою алаңын ашып, бақша салып, малын кеңейтсе, екінші кәсіпкер «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал алуда, аудан орталығынан ғимарат сатып алып, көкөніс сақтайтын қойма салуды, мал өнімдерін қабылдап, өндейтін цехтар ашуды жоспарлауда. Қазір келіссөз жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Ақтөбе және Орал қалаларынан жеке кәсіпкерлер келіп, аудан аумағында шаруашылық ашу жөнінде жұмыстарын бастап кетті. Қажетті жерлерін алып, қора салу жұмыстарымен айналысуда. Қазір Үкімет тарапынан кәсіпкерлерге кәсібін өркендету үшін мол мүмкіндік берілуде. «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда соңғы үш жылда жалпы сомасы 66,2 млн. теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылып, 37 жаңа жұмыс орындары құрылса, биыл осы бағдарлама аясында 20 млн. теңге несие алынып, 4 жаңа жұмыс орны құрылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының «Ауылдағы жеке кәсіпкерлік бастаманы қолдау және ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу арқылы жұмыс орындарын құру» ІІ бағыты бойынша 2016 жылға 60 млн теңге қаражат бөлініп, 11 адам жеке ісін кеңейтуге 31 млн. астам теңге несие алды, бұл қаражаттың 8 жобасы мал шаруашылығын дамытуға, 1 жоба кафе жұмысын кеңейтуге және 1 жоба керамзит блок тасын шығаруға, 1 жоба дәнекерлеу цехын ашуға бағытталып отыр. Қалған 31 млн. астам теңге жыл аяғына дейін игеріледі. Сондай-ақ жыл басынан бері қайтарымды қаражат арқылы 4 млн теңге қаражат бөлініп, толықтай игерілді.

Жалпы, ауданда күні бүгін 584 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген, бұл 2015 жылғы осы кездегіден 4,8 пайызға көп. Осының 403-і жұмыс жасайда, оларда 949 адам еңбек етеді. Шағын бизнес нысандары 1 млрд. 46 млн. теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетті, бұл 2015 жылғыдан 1,4 пайызға көп. Олардан түскен салық көлемі 34,094 млн. теңгеге жетіп, өткен жылғыдан 11,8 пайызға ұлғайды.

«Денсаулық сақтау саласында тұрғындардың көбірек шоғырландығын ескере отырып, Лубен ауылында селолық дәрігерлік амбулатория салу ауданның 2020 жылға дейінгі даму жоспарына енгізілді. Оған қоса биыл облыстық бюджет есебінен үш ауылдық округтегін фельдшерлік-акушерлік пункттерге жаңа УАЗ автокөліктері алынбақшы. Сол сияқты білім беру саласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 113,575 млн. теңгеге Алмаз орта мектебін күрделі жөндеу ісі аяқталып келеді. Ауданда биыл бес елді мекенге газ құбыры тартылып, ауылдарды «көгілдір отынмен» қамту көрсеткіші 95 пайызға жеткізілді. Тұрғындарды ауыз сумен қамту ісі де жалғасын табады. Аудан орталығында тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 262 адам тұр. Осыған байланысты Елбасы тапсырмасына сәйкес Ұлттық қордан биыл 71 млн. теңге бөлініп, Шыңғырлау ауылының шығыс бөлігіне инфрақұрылым жұмыстары жүргізілді. Енді кезектегі тұрғындарға жер берілетін болады. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын лайықты қарсы алу бағытында біраз шаруа атқарылғанымен, мемлекеттің қолдауымен алар асуымыз әлі де баршылық», деді А.Есалиев. 

Соңғы жаңалықтар