БҚО-ның бірнеше ауылы жаңа жылды жарықсыз қарсы алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөкей ордасы ауданының Ұялы, Саралжын және Т.Масин ауылдық округтері жаңа жылды жарықсыз қарсы алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Ұялы ауылдық округінің әкімі Бақытжан Оразғұловтың айтуынша, электр жарығы 31 желтоқсан күні шамамен 22.00-дерде сөніп, 1 қаңтар күні 03.30-дарда қайта жанды. Көршілес Саралжын, Т.Масин округтерінде де осындай жағдай орын алды.

«Бөкей ордасы ауданының үш ауылдық округінде жарықтың сөніп қалғаны рас. Арнайы бригада шығып, жоғары кернеулі электр желісіндегі ақауды жөндеп, қайта қосты. Бөрлі ауданында да бірнеше сағатқа электр жарығы сөніп қалған жерлер бар. Бүгін таңертең сағат 08.00-де Оралға қарасты Деркөл ауылының тең жартысы жарықсыз қалды. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Күннің жылынып, электр сымдарына мұздың қатуына байланысты әлі де осындай жағдайлар болуы ықтимал. Сондықтан бригадалар жан-жаққа шығып, жұмыстануда», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ басқарма төрағасы - директоры Қуат Мусин. 

Соңғы жаңалықтар