БҚО мектептеріне «Білім book» жүйесі енгізілмек

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл 220 шағын жинақты мектепке «Білім book» электронды жүйесі жеткізілмек. Бұл туралы «Цифрландыру: баршаға қолжетімді сапалы білім» тақырыбымен өткен «БатысБілімТаlks» лекторий жобасының І сессиясында облыс әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы қабылдаған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында білім беру саласын да цифрландырудың маңыздылығын атап өткен өңір басшысының айтуынша, облыста 444 елді мекеннің 152-сі (35 пайызы) интернетке қосылмаған. Оған қоса мектептер, медпункттер мен басқа әлеуметтік нысандар бар. Соның бәрін интернетке қосу жоспарға енгізілді.

Осы орайда «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевпен жол картасына қол қойылды. Бұл ретте денсаулық сақтау, білім беру мекемелерін цифрландыруға барынша мән беріледі. Әсіресе, шалғай ауылдардағы шағын мектептер айрықша назар аударуды қажет етеді. Қазіргідей жаппай даму кезеңінде ол білім ошақтары қала мектептерінен кем болмауы керек. Сондықтан 220 шағын мектепке «Білім book» электронды жүйесін енгізуге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. 1 қыркүйекте ол мектептер жаңа компьютерлермен, бағдарламасымен қамтылады. Аудан орталықтарындағы мектептерде шәкірттер электронды бағдарламаларды, жаңа технологияларды толық қолданатын болады.

Алтай Көлгіновтің сөзіне қарағанда, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірігіп жасалған жоспарға сәйкес таяудағы үш жылда интернет мәселесін шешу көзделуде.  Атап айтқанда, 100 елді мекен кең жолақты интернетке қосылып, цифрландыру жұмыстарына жол ашылады. Бұл оқушылар мен мұғалімдердің цифрлық жүйеде білім алып, жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «Қауіпсіз аула» жобасы аясында «Қазақтелеком» АҚ-мен бірге Оралда 2 мың бейнекамера орнатылады. Бұл 200 көп қабатты үйді немесе 1 мың кіреберісті қамтиды.

Жиында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев алдағы екі жылда Батыс Қазақстан облысының бес аудан орталығын оптикалық-талшықты байланыс желісіне қосу жоспарланып отырғанын жеткізді.

«BilimmediaGroup» ЖШС-ның директоры Рауан Кенжеханұлы, «Knowledge Egineering» ЖШС-ның директоры Нартай Әшім «Білім берудегі заманауи трендтер» және «Мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған сандық ресурстар» тақырыптарында өз ой-тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар сессия барысында Р.Кенжеханұлы Ұлттық аударма бюросының басшысы ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында шыққан 18 жаңа оқулықтың таныстырылымын өңірлер арасында бірінші Батыс Қазақстан облысында өткізді.

 «Білім book» жобасы шағын мектептерге ыңғайлы. Онда компьютер жадына қажетті білім ресурсы салынған. Интернеттің қажеті жоқ. Бір сыныпта 15 баладан білім алатын болса, мұғалім олардың әрқайсысына әр түрлі электрондық тапсырма бере алады. Бала сабақты игермейінше, бағдарламамен алға жылжи алмайды. Мұны біз еліміздің үш шағын мектебінде тәжірибеден өткізіп көрдік. Нәтижесі ойдағыдай. Биыл Батыс Қазақстандағы шағын мектептерде осы жұмыс қолға алынады. Басты мақсат - алыс ауылдардағы мектептерде білім сапасын көтеру, - деді Р.Кенжеханұлы.

Айта кетейік, цифрландыру аясында өңір мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру бағытында мұндай жиындар тұрақты ұйымдастырылатын болады.

Соңғы жаңалықтар