БҚО кітапханаларында Қайрат ақынға құрмет көрсетілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін қазақтың көрнекті ақыны, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайрат Жұмағалиевтің 80 жылдығына орай өңір кітапханаларында бір мезетте «Қазақтың Қайрат ақыны» атты шара өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Осыған орай Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған кешке ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, студент жастар қатысты.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында әдебиетке келген тегеурінді топтың қатарында Қайрат ақынның шоқтығы биік болып, поэзия әлемінде алдыңғы лектен көрінгендігін жеткізді.

null

«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес өңірде көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Өткен аптада ғана ақын Сағынғали Сейітовтің, облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің және Алашорда үкіметінің 100 жылдығы кең көлемде тойланған еді. Енді, міне, облыс кітапханаларында ақын Қайрат Жұмағалиевтің өмірлік белесі аталып өтуде. Осының бәрі - өткенімізді қастерлеп, өлкеде жарқын із қалдырған бірегей тұлғаларымызды қадірлеу деген сөз. Күні кеше арамызда жарқылдап жүрген ақын ағамыздың есімі ешқашан ұмытылмайды», деді БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын Айсұлу Қадырбаева, жазушы Мира Шүйіншәлиева, филология ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті Азамат Мамыров Қайрат Жұмағалиевтің шығармашылық қырлары мен кішіпейіл де ақжарма мінезіне, адами қадыр-қасиетіне тоқталып, ақын өлеңдері қазақ халқымен бірге жасай беретінін атап өтті.

null

Бөкей ордасында 1937 жылы 16 қыркүйекте өмір есігін ашқан Қайрат Жұмағалиев 1952 жылы Орда ауданы таратылып, жерінің бір бөлігі әскери полигонға берілгеннен кейін анасы Жаңылғаныммен бірге Оңтүстік Қазақстан облысына көшірілді. Алматы қаласында ҚазМУ-да жоғары білім алып, «Жазушы» баспасы мен Қазақтелерадио комитетінде, сосын Астанаға қоныс аударып, Парламент Сенатында жауапты қызметтер атқарды. Жасы жетпістен асқанда туған жері - Ақ Жайығына оралып, «Жайық Пресс» ЖШС-да бас директордың кеңесшісі болды. Оның тұңғыш жинағы 1964 жылы жарық көрсе, кейін отыздан астам кітабы басылып шықты. Соның ішінде соңғы кітабы - «Жарық дүниені» көзінің тірісінде оқырмандары мен ұрпағына табыстап кетті.

Шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған мультимедиялық әдістемелік құрал таныстырылды.

«Қайраттың өзі болмаса да, соңында сөзі қалды. Өлеңдері қалды. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», деп ұлы Абай айтқандай, оның 80 жылдығына арналған шаралар театр, мектеп, кітапханаларда өтуде. Міне, бұл - ақын жырларының мәңгі өлмейтіндігінің айғағы. Сол үшін алғысымды білдіремін», деді ақынның жары София Нығметоллақызы.

null 

Соңғы жаңалықтар