БҚО-да жылжымайтын мүлікті тіркемегендерге 44,7 млн жуық теңге айыппұл салынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында өткен жылы жылжымайтын мүлікті уақтылы тіркемегендерге 44,7 млн жуық теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Хамидолла Куставлетовтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, өңірде жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу қызметін ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. 2017 жылы 63170 (2016 жылы - 53115) жылжымайтын мүлікке құқықтар тіркеліп, бюджетке 107,8 млн астам (2016 жылы -  88,1 млн астам) теңге баж салығы түскен.

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуге қажетті құжаттар алты ай ішінде тіркелуі тиіс. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 460-бабына сәйкес 1978 іс (2016 жылы - 617 іс) қозғалып, 1971 адам (2016 жылы - 617) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардан 44,7 млн жуық теңге (алдыңғы жылы - 7,7 млн астам) айыппұл өндірілді.

Облыстағы адвокаттардың жалпы саны 151-ге жетіп, алдыңғы жылғыдан 11-ге немесе 8 пайызға көбейді. Әділет департаменті 89 адвокатпен тегін заң көмегін көрсету туралы шарт жасады. «Адвокаттардың заң көмегін көрсетуі» бюджеттік бағдарламасы аясында тегін заң көмегін көрсету үшін 41,848 млн теңге бөлініп, ол толықтай игерілді.

Өңірде сондай-ақ 72 жеке сот орындаушысы (2016 жылы - 53) жұмыс жасайды. 2017 жылы жеке сот орындаушыларының өндірісінде барлығы 95201 атқару құжаты болса, соның 47893-і орындалды. Алимент өндіру бойынша 6983 құжат болса, соның 1271-іне ғана нүкте қойылды.

Мемлекет пайдасына 1,206 млрд астам теңгені өндіру жөнінде 58289, 593 млн астам теңге әкімшілік айыппұлды өндіру жөнінде 36011 атқару құжаты болса, 2017 жылы тиісінше 605 млн астам теңгені құрайтын 31828 және 333 млн астам теңгені құрайтын 20734 атқару құжаты орындалды.

Айта кетейік, жеке сот орындаушылардың қызметіне байланысты арыз-шағымның көбеюі алаңдатады. 2016 жылы осындай 133 арыз түссе, өткен жылы ол 297-ге жеткен. Соның ішінде 16 шағым расталып, жеке сот орындаушылары тәртіптік жауапкершілікке (2016 жылы - 8) тартылды. Оған қоса прокуратурадан 3 ұсыныс, соттардан 4 жеке ұйғарым түсіп, қаралды. Сонда жазаланған жеке сот орындаушыларының жалпы саны 21-ге жетті.

Брифингке сондай-ақ Орал қалалық әділет басқармасының басшысы Естай Рашқалиев те қатысты.

Соңғы жаңалықтар