БҚО-да жыл басынан бері 16 өрт оқиғасы тіркелді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 16 өрт оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның 12-сі тұрғын үй секторында орын алды. Өткен жылы осы мерзімде 28 өрт оқиғасы тіркелген болатын.

13 қаңтар күні сағат 21.24-те Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында Р.Егізбаев көшесі, 10-мекенжайында өрт болып жатқаны жөнінде хабар түскен. Үй мен жиһаз, жеке заттар жанып, өрт аумағы 100 шаршы метрді құраған. Үйдің иесі - 1976 жылғы азамат.

Оқиға орнына 2 техника, 8 адам барып, өрт сөндірілген.

Сайқын ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Аққалиевтің айтуынша, өрт кезінде үйде ешкім болмаған. Қазіргі кезде  екінші баспанасын паналап отырған үй иесінің сөзіне қарағанда, өрт электр сымының тұйықталуынан кеткен сыңайлы. Оларға барынша көмек көрсетілетін болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын осы ауданның Саралжын ауылында бір тұрғынның қора-қопсысы мен малы өртеніп кеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар