БҚО-да жол апатынан 24 жаяу жүргінші қаза тапты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Батыс Қазақстан облысында соңғы кезде жаяу жүргіншілердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиілеп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері жүргізген «Жаяу жүргінші» рейдінде белгілі болғанындай, Оралдағы Құрманғазы көшесі бойындағы «Оқушы» аялдамасы тұсында тек жарты сағаттың ішінде елуден астам жаяу жүргінші жол ережесін бұзған. Болмайтын жерден өткені үшін жүргінші 5 АЕК (1 АЕК - 2269 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің инспекторы Гауһар Қараменованың айтуынша, ең өкініштісі, ата-аналар балаларымен, зейнеткерлер кез келген жерден өтіп жатады. Көпшілігі жаяу жүргінші өткелі немесе бағдаршам арқылы өтуге ерінеді. Соның кесірінен апатты жағдайлар туындап жатады.

Айта кетейік, жаяу жүргіншінің қатысымен болатын оқиғалар жол апаттары ішінде алдыңғы орындардың бірін иеленеді. Атап айтқанда, жыл басынан бері 147 осындай жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 24 адам қаза тапты, 132-сі түрлі жарақат алды. Соның ішінде 19 оқиға жаяу жүргіншінің кінәсінен болып, 5 адам көз жұмып, 16-сы жарақат алды. Сондай-ақ биыл жүргізушілердің жаяу жүргіншілерді өткізбеуіне байланысты 666 құқықбұзушылық тіркелген. 2533 жүргінші ережені өздері бұзған. 

Соңғы жаңалықтар