БҚО-да жаңадан сегіз депутат сайланды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында шығып қалғандардың орнына жаңадан сегіз депутат сайланды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БҚО сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, 29 қазан күні өткен сайлау қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облыстық мәслихатына «Ақсайгазсервис» АҚ президенті Тілек Шектібаев, Орал қалалық мәслихатына «Водоканалстройсервис» ЖШС директоры Әнуар Мұқатаев депутат болып сайланды. Сондай-ақ «Project Group» ЖШС-нің аудармашысы Мәлика Махауова Бөрлі, М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің директоры Берік Ихсанов Жәнібек, Қазталов ауылдық округінің әкімі Сәрсенбай Молдашев пен «Райымбек» шаруа қожалығының жетекшісі Руслан Сарбаев Қазталов, жеке кәсіпкер Қайрат Әділханов пен Теректі колледжі директорының орынбасары Ерсайын Нәсіпов Теректі аудандық мәслихатының депутаты атанды.

«Барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының жұмысы бекітілген күнтізбелік жоспарға сай жүргізілді. Сайлауға барлығы 26 кандидат ұсынылды. Оның 18-і өзін-өзі ұсынса, қалған 8-і саяси партия атынан түсті. Сайлаушылардың 71,59 пайызы дауыс беруге қатысты. Оның барысын саяси партиялар мен сенім білдірген адамдар қатарынан 96 байқаушы және 7 БАҚ өкілі бақылап отырды. Барлық сайланған депутаттар жоғары білімді, оның ішінде біреуі әйел болса, қалған жетеуі - ер адамдар. Сондай-ақ олардың екеуі бизнес өкілдері, екеуі жеке кәсіпкер болса, үшеуі - білім саласының өкілдері, біреуі - ауылдық округ әкімі. Сайланған депутаттардың орташа жасы - 49,3. Айта кетейін, сайлау комиссияларына арыз-шағым түскен жоқ», деді Ғ.Қапақов.

Соңғы жаңалықтар