БҚО-да үш мыңға жуық адам қысқа мерзімді курстарға жіберілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 2912 адам қысқа мерзімді курстарға жіберілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұхамбетовтің айтуынша, соның ішінде 1775 адам оқуларын аяқтап, 370-і немесе 20,8 пайызы жұмысқа орналастырылды. Оқуға жіберілгендердің 1542-сі - жастар, 263-і - аз қамтылған отбасылардағы азаматтар, 66-сы - мүмкіндігі шектеулі жандар, 1775-і - әйелдер.

Елбасы тапсырмасына орай қабылданған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткізу ерекше маңызға ие болып отыр. Осыған орай биылғы 27 сәуірде облыс әкімінің қаулысымен құрылған халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия отырысында қысқа мерзімді кәсіптік оқуды жүзеге асыратын білім беру ұйымдары мен мамандықтар тізбесі бекітілді. Бағдарлама критерийлеріне сәйкес тізбеге тәлімгерлік пен дуальдық оқыту элементтерін пайдаланған және қысқа мерзімді оқыту бойынша бір жылдық тәжірибесі бар оқу орындары енгізілді. Осылайша, өңірдегі 25 колледж бен 11 оқу орталығына жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту үшін 3132 адамға жалпы трансферттер есебінен 408,4 млн теңге бөлінсе, биылғы 1 қарашаға соның 317,5 млн теңгесі игерілді. Жыл аяғына дейін барлығы 3200-ден астам адам оқуға жіберіліп, қаржы толық игерілетін болады.

Дегенмен, бұл мәселенің екінші бір жағын айтпай кетуге болмас. Ол - қысқа мерзімді курстарда оқыған азаматтарды жұмыспен барынша қамту. Әсіресе, ауылдық елді мекендерде жұмыс орындары тапшы екендігі белгілі. Сондықтан әр аудан немесе ауыл осы мәселеге талдау жасап, тұрғындарды еңбек нарығында қажетті мамандықтар бойынша оқытуы тиіс. Яғни бүгін оқыған адам ертең жұмыссыз қалмауы керек. Бұл туралы жуырда «Кәсіптік білім және бизнес: әріптестер сұхбаты» деген тақырыпта өткен жетінші облыстық форумда да сөз болды.

Бағдарламаға сәйкес еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау да өзекті болып отыр. Бұған өмірлік қиындыққа тап болған немесе тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 9-11-сыныптарды бітірушілер, оқу орындарына түсе алмай қалғандар, жұмыс іздеп жүрген азаматтар қатыса алады. Күні бүгінге дейін облыстағы 22 колледжде 13 жұмысшы мамандығы бойынша оқу үшін 800 адам жіберілді. Бұл мақсатқа 160,8 млн теңге қаралса, соның 79,4 млн теңгесі игерілді.

Айта кетейік, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін облысқа барлығы 3539,8 млн теңге бөлінсе, он айда соның 3196,8 млн теңгесі игерілді.

Елбасының бастамасы бойынша биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жүзеге асырыла бастады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдарды қамтуға және кәсіптік білім беру жүйесінде экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар даярлауға баса мән берген болатын. Осы міндеттің бірсыпырасы аталмыш бағдарламаның «Азаматтарды техникалық, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» 1-бағыты аясында шешілуде. 

Соңғы жаңалықтар