БҚО-да үкіметтік емес ұйымдарға бөлінген 475 млн теңгенің игерілуі көңіл көншітпейді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттыра түсу қажет. Бұл туралы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Раrk Hotel» кешенінде «Тәуелсіздікке 25 жыл: аймақтағы үкіметтік емес саланың дамуы мен келешегі» деген тақырыпта өткізілген үкіметтік емес ұйымдардың облыстық форумында айтылды.

Онда облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, азаматтық қоғам қарқынды дамыса, ол демократиясы қалыпты, бәсекеге қабілетті экономикасы бар мемлекеттің белгісі болып табылады. Егер еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт ішінде көптеген табыстарға қол жеткізсе, онда үкіметтік емес ұйымдардың өз үлесі бар. Халықтың әлеуметтік хал-ахуалының жақсара түсіп, елдің береке-бірлігі мен ынтымағының артуына да осы ұйымдар ықпал ете алады. Көп нәрсе қоғамдағы түрлі мәселелерді уақтылы да біліктілікпен шешуге байланысты.

Қазіргі таңда елімізде 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар есепке ілінсе, оларда 30 мыңнан астам адам еңбек етеді. Ал өңірде осындай 660 ұйым тіркелсе, солардың 100-і немесе алтыдан бірі ғана белсенді болып есептеледі. Яғни көпшілігі қағаз жүзінде қалған деген сөз. Сондықтан олардың белсенділігін арттыру керек. Соның бір жолы - жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде үкіметтік емес ұйымдарға қаржы бөлінетіні белгілі. Биыл 14 бағыттағы 165 әлеуметтік маңызды жобалар бойынша 475 млн теңгеден астам қаржы қарастырылды. Дегенмен осы қаржының игерілуі көңіл көншітпейді, олардың есеп-қисаптары да тиісті деңгейде емес. Мемлекеттен қаржы бөлінген соң оны тиімді пайдаланудың маңызы зор, мұны түбегейлі өзгертпей болмайды. Сол секілді үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың бірлескен іс-әрекеті де кемшін. Қазақстанда жобаларды бірлесіп жүзеге асыратын мемлекеттік органдар саны төрт есеге жуық артқанымен, өңірде бұл көрсеткіш төмен болып тұр. Айталық, үкіметтік емес ұйымдармен бірге жұмыс жасайтын 200 бюджеттік бағдарлама әкімшісі болса, Батыс Қазақстанда тек бес басқарма (2,5 пайыз) ғана бар. Бұл жеткіліксіз, әрине.  Жаңа жылдан бастап олардың қатарына тағы бес облыстық басқарма (мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, дене шынықтыру және спорт, дін істері, білім, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму) қосылатын болады. Сондықтан бұған қазірден бастап әзірлену қажет.

«БҚО Азаматтық альянсы» қауымдастығының президенті Әлия Сәлиева аталған қоғамдық бірлестіктің тек облыс қана емес, республикалық деңгейдегі мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруға қатысып келе жатқанын жеткізді. Мысалы, «БҚО Азаматтық альянсы» «Азаматтық бақылау» жобасы аясында мемлекеттік қызмет істері жөніндегі облыстық департаментімен, сондай-ақ облыстың қоғамдық кеңестерінің жұмысына мониторинг жүргізуде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігімен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді.  Облыста үкіметтік емес ұйымдар экология, балалар мен әйелдер құқығын қорғау, кедейшілікпен күрес, отбасылық құндылықтарды нығайту, аурулардың алдын алу, білім мен ғылым, саламатты өмір салтын дамыту сынды салаларда басымырақ жұмыстануда.

Жиынға қатысқан «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Нұрлан Өтешов азаматтық сала белсенділеріне қолдаудың қалай көрсетілетіні, мемлекеттік тапсырыс негізінде әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудың тетіктері, үкіметтік емес ұйымдарды гранттық қаржыландыру жүйесі туралы әңгімелеп берді.  «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев Елбасы идеясымен құрылған жалпыұлттық қозғалысқа үш жылға жуық уақыттың ішінде сегіз мыңдай адамның қосылғанын атап өтті. Олардың қатарында зейнеткерлермен қатар орта буын өкілдері, түрлі мамандық иелері, жастар бар. Осы мерзім ішінде түрлі бағыттағы қырықтан астам жоба жүзеге асырылды. Ендігі міндет үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық кеңестердің басын біріктіру болып тұр.

Форум соңында азаматтық қоғамның дамуына сүбелі үлес қосқан белсенді ұйымдар басшыларына облыс әкімінің алғысхаттары табыс етілді.

null null null


 


Соңғы жаңалықтар