БҚО-да сыбайлас жемқорлыққа барған 56 қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 2016 жылы және биылғы жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа барған 56 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, соның 47-сі сотталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өңірлік комиссияның кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро облыстық департаментінің басшысы Мақсат Қожабаевтың мәлім еткеніндей, алынып жатқан шараларға қарамастан, сыбайлас жемқорлық көріністері азаймай келеді. Атап айтқанда, 2016 жылы мен биылғы бес айда аталмыш департамент өндірісінде 170 қылмыстық іс болса, соның 121-і аяқталып, 108-і сотқа жіберілді. Аталған мерзімде сот үкімдерімен салынған айыппұл көлемі 91 млн. теңгеден асты. Осы кезеңде 45 мемлекеттік қызметші мен оған теңестірілген тұлғалар 114 сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады. 12 бірінші басшы мен олардың орынбасары қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оған қоса лауазымдық қылмыстары үшін 17 адам қармаққа іліксе, соның 9-ы басшылар болып отыр.

Комиссия отырысына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелеріне Елбасымыз бірінші кезекте маңыз беріп отырғанын, сондықтан бұл кеселдің алдын алуға баса назар аударып, бірлескен жұмыс сапасын арттыру, бұған мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғау құрылымдары, жұртшылық өкілдері белсене қатысуы  қажеттігін атап көрсетті. 

Соңғы жаңалықтар