БҚО-да саяси қуғын-сүргін жылдары мыңнан астам адам атылған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 1937-1938 жылдары 1789 адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, соның 1025-і атылған. Бұл туралы 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай БҚО ішкі істер департаментінде ашылған деректі көрме барысында мәлім етілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ІІД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Бағдар Әбуовтің айтуынша, 1921-1954 жылдары аралығында бұрынғы Кеңес Одағында сотталған адамдардың саны 3 млн. 777 мыңға жетіп, соның ішінде 642 мыңдайы ең қатаң жазаға тартылған. Бұл - аштықтан көз жұмғандарды қоспағандағы деректер. Голощекин қолдан жасаған аштық салдарынан миллионнан астам қазақ қырылғаны мәлім. Сондай-ақ бұл тізімге Қазақстанға күштеп қоныс аударылып, кейін қазаға ұшыраған адамдар енгізілген жоқ. Сол жылдары Қазақстанға миллиондаған кеңес азаматтары, тұтас ұлттар депортацияланды. Еліміз бойынша 953 лагерь мен орындар жұмыс жасады. 1937-1938 жылдардың өзінде ғана республикамызда 100 мыңнан астам адам заңсыз сотталып, 25 мыңдайы ату жазасына кесілді.
null

Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ақпаратты анағұрлым қолжетімді ету және есімдерін есте сақтау, олардың отбасыларының тарихын қайта қалпына келтіруге көмек көрсету үшін Ішкі істер министрлігінің веб-порталында (https://mvd.gov.kz ) әлеуметтік маңызы бар «Мемориал» сервисі  жасалды. БҚО ІІД ақпараттық-талдау орталығының бастығы, полиция подполковнигі Танзиля Дәулетованың сөзіне қарағанда, 2014 жылы ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік органдарынан сот органдарымен ақталған репрессияға ұшыраған азаматтарға қатысты қылмыстық істер, сонымен қатар Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түсіп, Германиядан келген бұрынғы КСРО азаматтары туралы іріктелген, трофейлік материалдарды қабылдады. Мысалы, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың тұңғыш режиссері, драматург, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның халық әртісі Жұмат Шаниннің қылмыстық ісі қабылданды. 1936-1937 жылдары Жұмат Шанин Орал қаласында музыкалық-драма театрын құруға атсалысқан және оған басшылық еткен.  Сондай-ақ арнайы мемлекеттік мұрағаттың және оның аумақтық бөліністерінде сақталған РСФКР ҚК-нің 58-59-баптары бойынша және басқа да одақтас республикалардың ҚК-нің баптарына сәйкес (мемлекеттік қылмыстары мен контрреволюциялық әрекеттері үшін) әртүрлі жазалау мерзімдеріне сотталған адамдардың қылмыстық істерінен алынған мәліметтер қосылды.

«Мемориалға» қуғын-сүргінге ұшыраған барлығы 8 594 адамға қатысты ақпарат енгізілді. Тек 2015 жылдың өзінде қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың туыстарынан, ғалым-зерттеушілерден, қоғамдық ұйымдардан, мұражайлар мен мемлекеттік органдардан, рухани бірлестік өкілдерінен, сондай-ақ, «Қазақфильм» киностудиясынан 33 өтініш пен сұрау салулар келіп түсті. Бұл үрдіс күні бүгін де жалғасуда. Мұндай деректер тарихшы-ғалымдар, журналистер ғана емес, туыстарының тағдыры туралы мәліметтер іздеген мыңдаған адамдар үшін де қажет. Ақталған азаматтар немесе олардың өкілдері қайтыс болған жағдайда сол кісілердің туыстары қылмыстық істердің процестік емес сипаттағы  құжаттарымен танысуға, сондай-ақ істе сақталған қолжазбаларын, фотосуреттерін және өзге де жеке құжаттарын немесе олардың көшірмелерін алуға құқығы бар.
null

2014 жылы Батыс Қазақстан облысының ішкі істер департаментіне Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінен ақтауға жатқызылмайтын адамдардың, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың, сот органдары тарапынан ақталған адамдардың жеке істері, Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқында болған бұрынғы КСРО кеңес әскерлері туралы материалдар қабылданды.

Аталмыш шара мақсаты да - саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы естелікті жаңғыртып, олар туралы ақпарат алғысы келетін отбасы мүшелеріне көмек көрсету, мұрағат қорында осындай деректер бар екенін азаматтарға кеңінен түсіндіру 

Соңғы жаңалықтар