БҚО-да рухани жаңғыруға қатысты бірнеше жоба қолға алынады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған мақсат-міндеттерді орындау мақсатында бірнеше жоба қолға алынбақшы. 

Бұл туралы БҚО әкімдігінде облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Алдымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жобалық басқару негізінде жүзеге асыру бойынша арнайы оқу өткені жөнінде мәлім етті. Оған БҚО-дан облыс басшысының бірінші орынбасары бастаған бірқатар басқармалар басшылары мен сарапшылар қатысып қайтты. Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Оңдасын Оразалин және басқа лауазымды қызметкерлер қатысқан семинарда жобалық менеджменттің теориясы және оны «Рухани жаңғыру» бағдарламасында қалай пайдалануға болатыны жөнінде тәжірибелер ортаға салынып, тренингтер өткізілді. Енді Мемлекеттік басқару академиясының мамандарының қатысуымен өңірде маусым-шілде айларында оқыту семинарларын ұйымдастыру жоспарлануда.

Семинардағы тағы бір жаңалық, мемлекеттік жобаларды орталықтандырылған түрде жүзеге асыру үшін Жобалық кеңсе құру мәселесі болды. БҚО-дағы кеңсе жетекшісі болып тағайындалған облыстық мәслихат депутаты, «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Салтанат Тұманбаеваның айтуынша, аталмыш кеңсе биылғы 1 қазаннан бастап іске кіріспек. Оған дейін ұйымдастыру мәселелері шешіліп, жобалардың жол картасы жасалатын болады.

Делегация құрамында болған БҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов «Туған жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін біртұтас республикалық ғаламтор порталын құру керектігін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, Батыс Қазақстанда тарихи ескерткіштер мен киелі орындар, қорықтар баршылық. Өңірдің табиғаты да ерекше. Сондықтан мұның бәрін есепке алып, бір жүйеге келтіру керек. Бұл жұмысқа облыс журналистері, фотосуретшілер мен бейнеоператорлар тартылатын болады. Оған қоса «Жомарт жүрек» жобасы іске қосылып, жыл бойына өзінің туған жерін түлетуге үлес қосқан кәсіпкерлер мен демеушілер марапатталады.

«Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, сондай-ақ аудан әкімдері өз ой-жоспарларымен бөлісті. Мысалы, Бөрлі ауданында жоспарланған шараларды жүзеге асыруға 65 млн. теңге қажет. Соның ішінде көне құлпытастардан ашық аспан астындағы музей жасауға болады. Ал Сырым ауданында тарихи үйлерді қалпына келтіру, жаңа нысандар салу және «Сырым елінің тарихи орындары» атты кітап шығару ойластырылуда.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес жобаларды қала ғана емес, ауыл-аймақта кеңінен қолға алу бағытында тапсырмалар берді.

null 

Соңғы жаңалықтар