БҚО-да пара алған аудит бөлімінің басшысына 12 млн теңге айыппұл салынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Орал қалалық соты пара алу және оған итермелеу дерегі бойынша лауазымды қызметкерлерге айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы К.Ермекқалиева аудит жүргізу барысында БҚО Дін істері басқармасы мен «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-ның қаржылық-шаруашылық қызметінен заңбұзушылықты анықтаған.

Аудиттік тексерудің оң қорытындысын шығару үшін К.Ермекқалиева аталмыш басқарма басшысы С.Ғиззатовтан 200 мың теңге көлемінде пара талап еткен. Ал С.Ғиззатов өз кезегінде «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-ның басшысы А.Әбдірахмановты К.Ермекқалиеваға аталған қаржыны беруге көндірген.

К.Ермекқалиева пара алу үстінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы БҚО бойынша департаменті қызметкерлерінің қолына түскен.

Орал қалалық сотының үкімімен К.Ермекқалиева ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, оған параның алпыс еселенген мөлшерінде, яғни 12 млн теңге айыппұл салынды.

С.Ғиззатов ҚР ҚК 28-бабы 4-бөлігі, 367-бабы 2-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, оған параның отыз еселенген мөлшерінде, 6 млн теңге айыппұл салынды.

Олардың екеуі де мемлекеттік қызметте, өзін-өзі басқару органдарында лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар