БҚО-да өсімдік шаруашылығын қолдауға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында биыл 513,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілмек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бұл - өткен жылғыдан 491,7 мың гектарға артық. Осының басым көпшілігі немесе 259 мың гектары - дәнді дақылдар. Майлы дақылдар 61 мың гектарға себілетін болса, соның ішінде күнбағысты 48 мың гектарға (өткен жылы - 42,8 мың га) жеткізу көзделуде. Сондай-ақ картоп және көкөніс, бау-бақша дақылдары 9500 га алқапқа егілмек. 

Басқарма басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, көктемгі далалық жұмыстарға 630-ға жуық жеке шаруашылық қатысады. Күні бүгін далалық жұмыстарға 4215 трактор, 4965 тұқым сепкіш, 811 культиватор және «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» маркалы өнімділігі жоғары егіс кешендері дайын тұр (техникалардың әзірлігі - 98 пайыз)

Облыста көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге 12 мың тонна дизель отыны қажет (сәуір - 5 мың тонна, мамыр - 7 мың тонна). Отынның қажетті мөлшері бөлініп, «Батыс Арна» ЖШС дизель отынын жеткізуші оператор ретінде анықталды. Дизель отынының бағасы литріне 141 теңге. Қазіргі таңда тауар өндірушілер мен «Батыс Арна» ЖШС арасында келісімшарт жасалуда.

«Егер дәнді дақылдардың тұқымы туралы айтатын болсақ, облыста 23,5 мың тонна жаздық дақылдар тұқымы әзірленді, ол қажеттіліктің 113,3 пайызын құрайды. Өңірде жоғары репродукциялы тұқым өндірумен бір элиталық тұқым шаруашылығы және бес тұқым шаруашылығы айналысуда. Олар 6,8 мың тонна тұқым өндіріп, 3,5 мың жоғары сапалы аудандастырылған дәнді дақылдар сорттарын сатуға әзір отыр (соның ішінде жаздық бидай - 2800 тонна, арпа - 428 тонна, сұлы - 63 тонна). Майлы дақылдардың тұқымдарына сұраныс 500 тонна, шаруашылықтар 725 тонна тұқымды әзірлеп, сатып алды (145 пайыз)», - деді С.Өмірзақов.

«Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау» бағдарламасы аясында 2018 жылы 192,4 млн. теңге бөлінді. Субсидиялар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің, тұқым шаруашылықтарының шығындарын ішінара азайтуды көздейді. Аталған бағдарламаға сәйкес аудандастырылған тұқым сорттарын сатып алу шығындарының 70 пайызын, аудандастырылмаған тұқым сорттарын сатып алу шығындарының 30 пайызын субсидиялау қарастырылған.

Сол секілді облыс шаруашылықтары 1358 тонна минералды тыңайтқыштарға тапсырыс берді (2017 жылы - 1264 тонна). Қазіргі таңда ол тыңайтқыш өндірілетін зауыттарда тиелу үстінде.

Мемлекет тарапынан агротехникалық жұмыстарды сапалы атқаруға барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Биыл өсімдік шаруашылығы саласын қолдауға субсидия түрінде 1 млрд астам теңге бөлінді.

Бір айта кететін жайт, қазіргі таңда бүкіл еліміз бойынша алқаптарды электрондық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқталуы тиіс. Алқаптарды электрондық форматқа көшіру арқылы ауыл шаруашылығы жұмыстарына бөлінетін дизель отынын әділетті бөлу тетіктері айқындалады. Сонымен қатар порталдың көмегі арқылы оператор мен шаруалар арасында дизель отынын on-line сатуға және сатып алуға жол ашылады және ол электронды келісімшарт арқылы жүреді. 

Көктемгі далалық жұмыстарды қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның «Кең дала» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның «Егінжай» бағдарламалары арқылы жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар