БҚО-да нысандар мен автокөлікті сатудан 200 млн теңге пайда түсті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл алты нысан 174,8 млн теңгеге сатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО қаржы басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, атап айтқанда, «Жайық үні» ЖШС, «Пульс города» ЖШС, «Ақжайық» спорт клубы» ЖШС, БҚО әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Облыстық балалар стоматологиялық ауруханасы» МКК, Орал қаласы әкімдігіне қарасты «Жайық жарығы» ЖШС және Тасқала ауданы әкімдігіне қарасты «Даму Тасқала» ЖШС өз иелерін тапты.

Бұдан басқа 57 автокөлік 12,5 млн теңгеге және «Ақжайық» шипажайы» ЖШС жарғылық қаржысындағы мемлекеттік үлестің 12,245 пайызы 12,7 млн теңгеге өтті.

Осылайша, биыл жекешелендіру нәтижесінде бюджетке 200 млн теңге түсті.

Оған қоса екі нысан («Ақжайық» футбол клубы» ЖШС, Орал қаласы әкімдігіне қарасты «Жайық Таза қала» ЖШС) бойынша сауда қорытындысы желтоқсан айының үшінші онкүндігінде белгілі болмақ.

Айта кетейік, 2017-2018 жылдары облыста 13 коммуналдық меншік нысанын бәсекелестік ортаға беру жоспарланған болатын. Соның ішінде Бөкей ордасы ауданы әкімдігіне қарасты «Орда» МКК сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. БҚО әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Облыстық кеңесші-диагностикалық орталық» МКК-ны осындай басқаруға беру үшін тендер рәсімі өткізілуде.

Сырым ауданы әкімдігіне қарасты «Жымпиты-сервис» ЖШС-ның керісінше мемлекеттік меншігі сақталмақшы. Оны кешенді жекешелендіру жоспарынан алып тастау жөнінде Үкімет қаулысы шықпақшы. Өйткені аталмыш серіктестік 2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында тұрғын үй қорын жаңғыртуға қатысатындықтан, жекешелендіруге жатпайды.

Бұдан басқа Орал қаласы әкімдігіне қарасты «Уральскгордорстрой» ЖШС таратылуға жататындықтан, сатылымнан алынып тасталды. 2018 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында тағы бір нысан (Бөрлі ауданы әкімдігіне қарасты «Горкомхоз» МКК) таратылмақшы.

Соңғы жаңалықтар