БҚО-да Мәншүк Мәметованың 95 жылдығына арналған шаралар өтуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін - Кеңес одағының Батыры Мәншүк Мәметованың (1922-1943) туған күні. Өңірде Батыр қыздың 95 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өтуде, оған еліміздің Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыстарынан, сондай-ақ Мәншүктің ерлікпен қаза тапқан жері - Ресейдің Невель қаласынан келген меймандар да қатысуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Орал қаласындағы Кеңес одағының Батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова ескерткіші жанында өткен «Ұлы даланың батыр қызы» атты митингіде М.Мәметова мемориалдық музейінің директоры Светлана Бектенова батыр қыздың ерлігін елі ешқашан ұмытпайтындығын, қанша ұрпақ ауысса да, оны әрдайым мақтан тұтатынын жеткізді. Ресейдің Орал қаласындағы вице-консулы Владимир Волков Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласында көп ұлт өкілдерімен бірге қазақтардың да жан аямай шайқасып, Жеңіске мол үлес қосқандығын атап өтті. Соның бірі орыс жерінде жан қиған Мәншүк Мәметова еді. Майдангер Хамза Сафин, Невель қаласынан келген еңбек ардагері, «Гвоздика» іздестіру жасағының басшысы Иван  Михайлов Мәншүк Мәметовадай батырлардың ерлігі мәңгілік үлгі екендігін, олардың есімдерін жаңғырту жұмыстары мен екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынастың бұдан былай да жалғасатынын білдірді. «Біз Мәншүктің туған жеріне алғаш рет қадам басып тұрмыз. Невель қаласында Мәншүк Мәметованы ерекше қастер тұтады. «Гвоздика» жасағының іздестіруімен соңғы жиырма жылда көптеген жауынгердің сүйегі табылып, қайта жерленді. Тек өткен жылдың өзінде 333 сарбазға құрмет көрсетілді. Ұлы Отан соғысында ірі қантөгіс болған Ржев жерінде екі үлкен қауым бар, сонда жерленгендердің 90 пайызы - қазақстандықтар. Бұл маңда Қазақстанда құрылған 100 және 101-атқыштар бригадасы ерлікпен шайқасқаны тарихтан мәлім. Алдағы уақытта да іздестіру жұмыстары жалғасатын болады», деді И.Михайлов.
null

Бұдан кейін меймандар М.Мәметованың мемориалдық музейімен танысты. Бұл үйде 1932-1934 жылдары Ахмет және Әмина Мәметовтер отбасы тұрғаны белгілі. Кішкентай Мәншүк қаладағы №4 орта мектептің 3-4-сыныптарында оқыды. Музейде 2 мыңнан астам  экспонат бар. Соның ішінде Мәншүктің алты хаты, тұтынған бұйымдары қойылған.  Музей директоры Светлана Бектенованың айтуынша, 2010 жылы батыр қыздың пулеметінің қалқаны мен лентасы табылып, осында әкелінді. «Мәншүктің өшпес ерлігі» атты диорама залынан батыр қыздың қаһармандығы көрініс тапқан.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ертең мерейтойлық шаралар батырдың туған жері - Бөкей ордасы ауданында жалғасады. Мұнда Мәншүк Мәметованың ескерткіші ашылып, «Қызы батыр ел - ұлы ел» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Айта кетейік, биыл Орал қаласында Мәншүктің бұрынғы ескерткіші алынып, қалпына келтірілгеннен кейін Бөкей ордасына жіберілген болатын.  Ал оның орнына қазақтың үш батыр қызына ескерткіш орнатылған еді. 

nullnull

Соңғы жаңалықтар