БҚО-да «Мәңгілік ел - мәңгілік мұра» атты жастар форумы өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Тасқала ауданы орталығында «Мәңгілік ел - мәңгілік мұра» атты аймақтық жастар форумы өтті. Оған Орал қаласы, Зеленов, Теректі және Тасқала аудандарының белсенді жастары қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын меймандары алдымен Тасқала ауылындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында «Жауқазын» көрмесіне қойылған қолөнер туындыларымен, сондай-ақ жас кәсіпкерлердің жұмыстарымен танысты. 

Форумда Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиевтің атап өткеніндей, жиырма бес жыл ішінде Қазақ елі айтулы табыстарға қол жеткізді. Тәуелсіз елімізде жастардың болашағы үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Елбасы бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасының түлектері күні бүгін әр салада жемісті еңбек етуде. Сол секілді «Дипломмен ауылға» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. 2011 жылдан бері  осы жоба арқылы тек Тасқала ауданының өзіне жолдамамен келген 147 жас мамандығы бойынша ауылдарда қызмет атқаруда. Қорыта айтқанда, қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің одан әрі өркендеп, қанат жаюына сүбелі үлес қоса алатын жастардың қатары көбейіп келе жатқаны анық.

null  

Жиын барысында республикалық бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылданған мектеп оқушыларына төсбелгі мен галстук тағылып, олар ұйымның әнұранын қосыла шырқады.

Форум делегаттары сөз алып, өздерінің алдағы уақытта да үздік оқып, еселі еңбек ете беретіндіктерін білдірді. Олардың арасында ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен және «KATEV» халықаралық қорының ұйымдастыруымен биылғы наурызда Атырауда өткен «Жарқын болашақ» VІІІ республикалық KATEV қазақ тілі олимпиадасының және «Әнші бұлбұлдар», «Бала дауысы-2016» балалар ән байқауларының лауреаты Әлихан Қабділманов, Петропавл қаласында балалар командалары арасында өткен «Мен чемпионмын» республикалық спорттық сайысында арқан тартуда жанкештілік танытып, ерекше көзге түсіп, аты шыққан шежіндік Айбатыр Мырзабеков болды.

«Біздің бақытымыз - бейбіт елде алаңсыз білім алып, шалтты өмір сүріп жатқанымыз. Біздерге сапалы білім беріп, жан-жақты тәрбиелеп келе жатқан ұстаздарымызға айтар алғысымыз шексіз. Білімің терең, ойың кемел болса, алынбайтын амал, бұзылмайтын қамал жоқ. Біздің басты міндетіміз - жақсы оқып, өмірге кірпіш болып қаланып, елге пайдасы тиер азамат болу», - деді Айбатыр Мырзабеков.

Шара соңында ауданның белсенді жастары облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен аудан әкімінің алғысхаттарымен марапатталды. 

null  

Соңғы жаңалықтар