БҚО-да мал ұрлығы мәселесі өткір күйінде қалып отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығы өткір күйінде қалып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің айтуынша, бұл саладағы қылмыс алдыңғы жылға қарағанда, өткен жылы азайғанымен, өңірде 458 мал ұрлығы тіркелді.

Соның 70 пайыздан астамында еркін жайылымда жүрген мал қолды болған. Тұрғындарға барлығы 178,216 млн теңге залал келтірілсе, соның 92,730 млн теңгесі мал иелеріне қайтарылған. Мал ұрлығы, әсіресе, Теректі, Сырым, Ақжайық, Зеленов және Қазталов аудандарында белең алып тұр.

Мал ұрлығы биылғы жыл басынан бері де тіркеле бастады. БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 4 қаңтар күні Теректі ауданы Ақжайық ауылында белгісіз біреу қорадан 7 бас уақ жандықты қымқырып кеткен.

Іздестіру шаралары барысында 13 қаңтар күні Ф. деген күдікті ұсталды.

Бұл оқиға бойынша ҚР ҚК 188-бабына сәйкес (ұрлық) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ф-ның басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.

Соңғы жаңалықтар