БҚО-да күннің ыстығына байланысты өрт қаупі күшейіп тұр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында өрттің ыстығына байланысты өрт қаупі күшейіп тұр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, 28-29 шілде күндері облыстың кей жерлерінде күн 43 градусқа дейін ысиды. Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялады. Былайша айтқанда, Орал қаласы мен аудандарда жоғары өрт қаупі сақталып отыр.

Департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Нұрлан Таубековтің айтуынша, жыл басынан бері өңірде жалпы аумағы 15807 гектарды құрайтын 187 дала өрті тіркелді. Сондай-ақ 8,7 гектарды құрайтын бір орман өрті орын алды. Мұның басты себептері - отқа абай болмау және құрғақ шөпті рұқсатсыз өртеу. Өткен жылы осы мерзімде жалпы ауданы 1533 гектарды құрайтын 89 табиғи жану оқиғасы тіркелген болатын.

Айта кетейік, әсіресе алыс далада болған өрттерді сөндіру өте қиын, оны ауыздықтау бірнеше күнге созылып кетеді. Мысалы, Жаңақала ауданында болған өрттен Жаңажол, Мәстексай, Жаңақазан, Көпжасар ауылдық округіне қарасты құмды жайлаған 27 шаруа қожалығы мен бір ЖШС-ның шабындығы мен жайылымы түгелдей күлге айналды. Сол секілді Бөкей ордасы ауданында 19 маусым мен 19 шілде аралығында оншақты дала өрті орын алды. Соның салдарынан шабындықтарға орасан зор залал келгені өз алдына, 6-7 шілде күндері Саралжын ауылдық округінде болған үлкен өрттен Құрманкөл қыстағында қорада тұрған 25 ешкі тірідей жанып кеткен. 

Соңғы жаңалықтар