БҚО-да көктемгі су тасқынына байланысты әзірлік шаралары пысықталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына байланысты әзірлік шаралары жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалық етуімен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Қазгидромет» РМК мәліметтеріне қарағанда, облыс аумағында күзгі ылғал мен қар қоры қалыптағыдан 30-80 пайызға төмен. Өңірдегі су көздерінің 80 пайызы бастауын Ресейден алады. Мысалы, Қараөзеннің Саратов облысы Новоузен қаласы гидробекетіндегі  су деңгейі қалыптағыдан (1025 см) 70 пайызға (759 см) төмен болмақ. Сол секілді Сарыөзендегі су деңгейі 26 пайызға төмен болмақ. Жайық өзені бойынша болжам наурыз айының аяғында жасалады.

БҚО ТЖ департаментінің бастығы   Жасұлан Жұмашевтің айтуынша, өткен жылы бірқатар су қоймалары мен гидротехникалық құрылымдар күрделі жөнделіп, Орал қаласының шағынаудандарында су өткізетін тұрбалар тартылды. Оған қоса «Жұлдыз» шағынауданында 493,4 млн теңгеге жолдарды салған кезде қар суы мен жаңбырдан қорғайтындай жағдай жасалды. 

Биыл арнайы жоспарға сәйкес кешенді шаралар атқарылуда.

Төтенше қорда 1,3 млрд теңге қаралды. Көктемгі су тасқынына қажетті 165 тонна жанар-жағар май, 83,4 мың дана қап, 12,4 мың тонна инертті материалдар әзірленді. Жарылғыш заттарды жаратын мамандарды тарту үшін 11,6 млн теңге, аэробақылауға 14,7 млн теңге және ғарыштық мониторинг жүргізуге 6,5 млн теңге қаралды. Елді мекендерден 115 мың текше метр қар шығарылды.

Облыста 2794 адам, 682 техника, 88 жүзу құралдары дайын.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов көктемгі су тасқыны кезінде ең алдымен адамдардың зардап шекпеуі қажеттігін ескертіп, сондықтан барлық гидроқұрылымдарды алдын ала мұқият тексеріп, төтенше жағдайлардың алдын алуды тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар