БҚО-да Киров-Шежін су арнасы күрделі жөнделуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысындағы Киров-Шежін су арнасын күрделі жөндеудің екінші кезеңін аяқтауға алдағы уақытта республикалық бюджеттен 600 млн. теңге бөлінеді.

Бұл туралы аталған арнаны күрделі жөндеу барысымен танысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті.

Өңір басшысының айтуынша, қазіргі кезде үшінші кезең бойынша Киров-Шежін су арнасының 54 шақырымын жөндеу үшін де жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Егер қажетті қаражат бөлінген жағдайда бұл жұмыс алдағы жылы басталып, 18 шақырым су арнасы жаңадан қазылады. Басты мақсат - осы арна арқылы Жайық өзенінің суын Қараөзенге жеткізу. Сонда Ресейдегі Еділ өзенінен босатылатын 100 млн.текше метр суға жұмсалатын қаржыдан 30 млн. текше метр судың құны үнемделеді. Оған қоса төрт бірдей ауданның аумағын қамтитын 133 мың га суармалы жер пайда болып, шаруа қожалықтарының тынысы кеңейеді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.

Жалпы, Ақжайық ауданы Алғабас ауылдық округінде орналасқан Киров су қоймасының бұл тармағы 180 шақырымнан асады. «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиевтің сөзіне қарағанда, аталмыш су арнасының бастапқы 55 шақырым бөлігін жөндеу алдағы қазан аяғында бітеді. Сонымен бірге екінші кезеңге жататын 74 шақырым бөлігін «Қазсушар» РМК БҚО филиалы, «Уральскводстрой» АҚ, «Азиятехстрой» ЖШС жөндеуді қолға алды. Екінші кезеңге қаралған 854 млн. теңгенің күні бүгін 120 млн. теңгесі игерілген.

Еске сала кетейік, өңірдің Жаңақала, Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы сынды оңтүстік аудандары су тапшылығын үнемі сезініп келеді. Бұл көкейкесті мәселені шешу үшін облыс Ресейден су сатып алуға мәжбүр болып отыр. Киров-Шежін арнасын тарту - осы мәселені шешудің бір жолы.

Соңғы жаңалықтар