БҚО-да «Қайырымдылық керуені» жол тартты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Батыс Қазақстан облысында Наурыз мерекесі қарсаңында «Қайырымдылық керуені» жол тартты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Шараға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, биыл өңірде мұқтаж жандарға көп болып қолұшын созу мақсатында «Мейірімді көктем» жобасы қолға алынған болатын. Осы шара аясында бүгін Орал қаласындағы әлеуметтік кірісі аз 400 отбасына азық-түлік себеті таратылды. Сонымен қатар «Арба» қоғамдық бірлестігіне алты мүгедек арбасы берілді. Осыған орай «Звезда» мейрамханасында қайырымдылық балы ұйымдастырылып, оған 200-ден астам адам қатысты. Кәсіпкерлер мен мекеме-ұйымдар басшылары, мәслихат депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлер, қала тұрғындары арасында таратылған билеттен (құны 20 мың теңгеден) түскен қаржы осылайша қайырымдылық мақсатына жұмсалуда.
 БҚО Азаматтық альянсының төрайымы Айгүл Түркинаның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі жандар үшін Алматы қаласынан тапсырыспен тағы да он арба жеткізілетін болады.

«Биыл облыс әкімінің тұрғындармен есептік кездесуінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, соның ішінде балаларға қолдау көрсету  мақсатында бірнеше ұсыныс жасаған едік. Осыған орай өңір басшысы мен Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы бізді қолдады. «Мейірімді көктем» жобасы аясында үш ай бойы қайырымдылық шаралары ұйымдастырылмақшы. Сондай-ақ түрлі мекеме-ұйымдар ғимараттарының кіреберісінде пандустар орнату мәселесі де біртіндеп шешілуде», деді «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова.

Айта кетейік, осындай қайырымдылық шаралары облыс аудандарында да қолға алынуда. 
 

Соңғы жаңалықтар