БҚО-да халық театрларының фестивалі қорытындыланды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Тасқалада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Тасқала аудандық халық театрының 10 жылдығына арналған «Азаттықтың ақ таңы» атты халық театрларының аймақтық фестивалі қорытындыланып, таңдаулылар марапатталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазылар алқасының төрағасы, режиссер әрі актер, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахмановтың атап өткеніндей, байқау емес, фестиваль болғандықтан, мұнда жеңген не жеңілген театр жоқ. Әр театр мен актерлер өнері мен ерекшеліктеріне қарай түрлі аталымдармен аталып өтілді. Ең бастысы, олар өз қойылымдарын ел назарына ұсынып, көрермендер қошеметіне бөленді.


Сонымен, қазылар алқасының шешімімен Тасқала аудандық халық театры «Хан Кененің арманы» тарихи драмасын қойғаны үшін «Тарлан театр», Ақжайық аудандық халық театры «Адасқандар» драмасымен «Үздік қойылым», Жалпақтал халық театры «Қара көзілдірікті келіншек» драмасымен «Үздік режиссура», Жәнібек халық театры «Жалған түс» драмасымен «Көрермендер көзайымы», Сырым ауданы Бұлан халық театры «Нашақор» драмасымен «Үміт», Қызылорда облысы Арал ауданы Аманөткел ауылдық мәдениет үйі жанындағы халық театры «Шын дос» драмасымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» аталымдарын жеңіп алды. Сондай-ақ Қазталов халық театры («Қызыл орамалды шынарым» драмасы) Мұрат Ахманов атындағы, Атырау облысы Индер ауданының Ақжайық халық театры («Тірі жан» драмасы) Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мұхамбетжан Ғұмаров атындағы жүлдені, Сырым аудандық халық театры («Шырмауық») Тасқала аудандық халық театрының арнайы сыйлығын еншіледі. Оған қоса қазталовтық әртіс Қайрат Абдулов «Үздік актер» атанса, жалпақталдықтар Нұрбек Мұхамбетқалиев пен Шайзада Елжанова «Ең үздік ер адам рөлі» және «Ең үздік әйел адам рөлі» аталымын иеленді. Барлық театр ұжымдарына алғысхаттар мен ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар