БҚО-да гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асыру бағытында 4,5 млн. теңгеге үш жоба қолға алынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асыру, әйелдердің құқығы мен бостандығын қорғау, отбасы құндылықтарын насихаттау бағытында мемлекеттік тапсырыс негізінде 4,5 млн. теңгеге үш әлеуметтік маңызды жоба қолға алынды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалық етуімен өткен БҚО әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дархан Қадыралиевтің баян еткеніндей, атап айтқанда, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі, «Әйелдер көшбасшы мектебі», «Отбасылық құндылықтарды насихаттау және отбасы институтын дамыту бойынша іс-шаралар өткізу» жобалары үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен жүзеге асырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың атап өткеніндей, 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясы бұдан он жыл бұрын қабылданғанымен, кейбір басшылар жергілікті жерде бұл жұмысты өз деңгейінде атқарып отырған жоқ. Стратегияда барлық бағыттар нақты көрсетілгенімен, ол толық орындалмай отыр.

null  

«Үміт» Орал өңірі әйелдері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әлия Райымқұлованың сөзіне қарағанда, гендерлік теңдік бағытында өңірде ілгерілеу болғанымен, биліктегі әйелдер үлесі 30 пайызға жете қойған жоқ. Соңғы бес жыл бойы 25-30 адам «Әйелдер көшбасшы мектебінде» оқығанымен, олардың бірде-бірі бірінші басшы орынтағына жайғаса алған жоқ.

Жиында сондай-ақ Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Айзада Шүкірғалиева аудандық комиссияның жұмысы жөнінде есеп берді.

Отырыста қоғамда әйел-ананың мәртебесін көтерумен бірге ұрпақ тәрбиесінде әкенің рөліне маңыз беру керектігі атап көрсетілді. Әсіресе, отбасылық құндылықтарды белсенді насихаттау керек. Өйткені отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, маскүнемдік, жасөспірім қыздардың жүкті болып қалуы сияқты мәселелер әлі өткір күйінде. Мысалы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, биыл 15-18 жастағы 117 екіқабат қыз есепке алынса, соның 60-сы нәрестелі болған, 10-ы жүктілігін үзген. Сондықтан бұл бағытта медицина қызметкерлері мен мұғалімдердің басын біріктіріп, білім беру мекемелерінде түсінік жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет.

БҚО ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллиннің айтуынша, облыста 379 бала өсіп келе жатқан 212 қолайсыз отбасы тіркелген. Бұл жерде де құқық қорғау органдары, білім беру мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің бірлескен қызметі керек. 

null 

Соңғы жаңалықтар