БҚО-да екі адамның өліміне себепші болған жүргізуші бес жылға сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында екі адамның өліміне себепші болған жүргізуші бес жылға сотталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Сырым ауданында аталған жүргізуші жол ережесін сақтамай, қарсы бетке шығып кетіп, «Лада Гранта» автокөлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан «Лада Гранта» автокөлігінде болған екі жүргізуші оқиға орнында көз жұмса, біреуі ауыр жарақат алды.

Сот отырысында сотталушы өз кінәсін мойындап, марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді.

Сырым аудандық сотының үкімімен жүргізуші ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болды. Сонымен қатар ол алты жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Сот үкім шығарған кезде жүргізушінің бұрын сотталмағанын, тұрғылықты мекенжайы мен қызмет орнынан оң мінездемесін, асырауында отбасы мен кәмелетке толмаған балалары бар екендігін ескерді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі санкциясы белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 7 жылға дейінгі және бас бостандығынан 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге айыруды көздейді.

Соңғы жаңалықтар