БҚО-да «Достық» клубының 10 жылдығы аталып өтілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Зеленов ауданы Мичурин орта мектеп-балабақшасында «Достық» клубы 10 жылдығын кең көлемде атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мектеп-балабақша директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Наталия Лапконың айтуынша, дәл он жыл бұрын мектепте Елена Киянскаяның бастамасымен Қазақстан халқы кіші ассамблеясының жастар қанаты құрылды. Мичурин мектебі мұғалімдері, ата-аналары мен оқушыларының көмегімен жұмысы жандана түскен аталған ұйым кейін «Достық» клубына айналды. Оның құрамында бастапқыда тоғыз ұлттың өкілдері болса, қазір 11-ге жетті. Орыс, шешен, әзербайжан, украин, корей, белорус, өзбек, татар, неміс, армян ұлты өкілдерінің басын біріктіретін клуб мақсаты - ұлтаралық келісімді насихаттау, жас жеткіншектерді Қазақстанда тұратын халықтар мәдениетімен таныстыру. Осы бағытта «Достық» клубына мәртебелі меймандар жиі келіп, тәуелсіз елдегі бірлік пен ынтымақ жөнінде әңгімелеп береді.
null 

«Достық» клубының 10 жылдығына мектеп ұжымы мықтап дайындалып, украин, татар, әзербайжан, шешен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері шақырылды. Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров сынды құрметті қонақтар жаңадан ашылған мектеп мұражайымен танысып, «Татулық тұтқасы, бірліктің бесігі» атты мерекелік концертті тамашалады.
null 

«Тәуелсіз елімізде Қазақстан халқы ассамблеясы бірегей қоғамдық ұйымға айналды. Соның бір нышанын осы мектептен көруге болады. Үлкен-кіші демей, ортақ мақсат жолында топтасқан  «Достық» клубы мүшелері үлгі етуге тұрады. Бұл көп ұлтты мемлекетіміздегі ұлттар татулығының жарқын көрінісі іспеттес», деді Ғайса Қапақов.
null 

Шара барысында клубтың белсенді мүшелері алғысхат, грамоталармен марапатталды. Сан ұлт өкілдерінің ән-билері орындалып, мұғалімдер хорының «Туған жер» әнімен тәмамдалған достық мерекесі жиналғандарға ерекше қуаныш сыйлады. 
null 

Соңғы жаңалықтар