БҚО-да биыл 31 адам ВИЧ-инфекциясын жұқтырған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Батыс Қазақстан облысында биылғы он айда 31 адамның ВИЧ-инфекциясын жаңадан жұқтырғаны белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыстық СПИД-тің алдын алу және онымен күрес орталығынан түскен мәліметке қарағанда, соның 80 пайыздан астамы ауруды жыныстық жолмен жұқтырған. Дәрігерлердің дабыл қағарлықтай жөні бар. Жүргізілген алдын алу шараларына қарамастан, кей жастардың жыныстық қатынастарға көзқарасы жеңіл әрі жауапсыз болып отыр. Кейбір зерттеулер көрсеткеніндей, жасөспірімдердің жартысы 16 жасқа қарай мұның «дәмін» татып үлгереді, 20 жасқа қарай жастардың сексуалдық белсенділігі 80 пайызға жетеді.

Жалпы, жұқпалы кеселге шалдыққандардың 434-і Орал қаласында, 61-і Зеленов ауданында, 31-і Бөрліде, 19-ы Шыңғырлауда, 8-і Теректіде, алтауы Ақжайықта, бесеуі Тасқалада, екеуі Жәнібекте, Жаңақала мен Қаратөбеде бір-бірден тіркелген. Облыста 1996 жылдан бері ВИЧ-инфекциясын жұқтырған 568 адам анықталған.

Аталмыш орталықтың емдеу-алдын алу бөлімінің меңгерушісі Жанша Нұрышеваның айтуынша, қазіргі кезде емделушілердің ең жасы 4-те, үлкені 67-де. Ал 2010 жылы бір жасар бала  аталған дертті жұқтырған. Ең ұзақ уақыт бойы ем алып келе жатқан науқастың жасы қазір 38-де. Ол 2001 жылы есепке алынып, 2004 жылдан бері емделуде. Күні бүгін орталықта 317 адам есепте тұрса, соның 246-сы терапиялық ем алуда. 

Соңғы жаңалықтар