БҚО-да биыл 24 елді мекенді табиғи газға қосу көзделуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Батыс Қазақстан облысында биыл 24 елді мекенді табиғи газға қосу көзделуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиевтің мәлім еткеніндей, бұл мақсатқа 1,464 млрд теңге бөлінсе, соның 1,357 млрд теңгесі республикалық, 0,107 млрд теңгесі облыстық бюджеттен қаралды.

Ғ.Орынғалиевтің айтуынша, аталған 24 елді мекенде 9,7 мың адам тұрады. Соның ішінде облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Бөкей ордасы ауданында 11 елді мекенге (жоба құны - 1794,2 млн теңге, 6372 тұрғын, газ құбырының ұзындығы - 275,4 шақырым) «көгілдір отын» жеткізілмек. Сол секілді Ақжайық ауданында 11 елді мекенге (жоба құны - 556,179 млн теңге, 2940 тұрғын, ұзындығы - 167,4 шақырым) газ құбыры тартылмақ. Оған қоса Жәнібекте Өнеге (жоба құны - 53,899 млн ), Зеленовта Факел (33,976 млн теңге) елді мекендері осы игілікке қол жеткізбек.

«Сонда жыл соңында облыс халқының газбен қамтылу көрсеткіші 95,4 пайызға (612,3 мың адам) жетеді», деді Ғ.Орынғалиев.

Сонымен қатар 4,4 мың тұрғыны бар 14 елді мекенді газдандыру жұмысы биыл басталып, келесі жылы аяқталады. Сондай-ақ Қазталов ауданының 15 елді мекенін газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама жасау үшін облыстық бюджеттен 7 млн теңге бөлінді (жалпы құны - 101,0 млн теңге). Құрылыс мерзімі - 2019-2021 жылдар. Оның сыртында Теректі ауданының 19 елді мекеніне газ құбырын тарту үшін 2019-2021 жылдарға бюджеттік өтінім жолданды.

Айта кетейік, аталмыш басқарманың 2017 жылғы бюджеті 8,9 млрд теңгеге жетсе, биыл 4,2 млрд теңге көлемінде бекітілді. Өткен жылы облысты газдандыруға 3,425 млрд теңге жұмсалған болатын. 

Соңғы жаңалықтар