БҚО-да белгілі жазушы Есламғалиұлының 70 жылдығына арналған шаралар мәреге жетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Сырым ауданы Жосалы ауылында белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мұқадес Есламғалиұлының 70 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар өткізілді.

Аудан әкімі Абат Шыныбеков жазушы есімі туған жерінде мәңгі жасайтындығын айтса, М.Есламғалиұлының жары Мұхсина Әбуқызы тәуелсіздік тойымен құттықтап, ерін құрметтегені үшін жерлестеріне ризашылығын білдірді.

Жергілікті өнерпаздар концерті дала қызықтарына ұласып, аудан тұрғындарына айрықша қуаныш сыйлады. Құнан бәйгеде жосалылық Ақшолақовтың сәйгүлігі бірінші келсе, аламан бәйгеде бұлдыртылық С.Байырғалиевтің тұлпары алдына қара салмады. Спорттық ойындарда гір тасын көтеруден Руслан Дүйсенғалиев озса, қазақ күресінен Олжас Сүлейменов түйе палуан атанды.

А.Шыныбековтің ҚазАқпарат тілшісіне баян еткеніндей, алдағы уақытта М.Есламғалиұлының есімін есте қалдыру бағытында басқа да шаралар атқарылатын болады. Ал Орал қаласында М.Есламғалиұлы атында көше бар.

Айта кетейік, Мұқадес Есламғалиұлы (1946-2004) - «Екінші тыныс», «Аққу сазы», «Қайырлы таң», «Екі басқа дүние», «Пробный камень», «Толқын мен ағын», «Өз жүрегіңе үңіл», «Тұман ішіндегі көш» сынды кітаптардың авторы. Ол, әсіресе, өмірінің соңғы жылдары шығармашылығының қорытындысы ретінде «Әйтеке би» тарихи-философиялық дилогиясын жазып кетті. 2001 жылы «Тұман ішіндегі көш» романы үшін халықаралық «Алаш» сыйлығы берілді.

null null null 

Соңғы жаңалықтар