БҚО-да ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 4242,9 млн. теңге қаралып отыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек», деп агроөнеркәсіп кешені саласы алдына нақты алты міндет қойып отыр. Бұл туралы БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Нұрмағамбетов былайша әңгімелеп берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, соның бірі - қосалқы шаруашылықтар мен шағын фермерлерді кооперативтерге біріктіру арқылы экспорт көлемін ұлғайту. Осы орайда ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №919 қаулысымен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бекітілді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жүзеге асырылып жатқан аталмыш бағдарлама аясында өңірде 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін 9 ауыл шаруашылығы кооперативі, 261 мал бордақылау алаңы, 2 сүт қабылдау пункті, 7 мал сою орны, 8 рефрижератор алу және 7 мал сою орнын жабдықтау жоспарланды. Күні бүгін мал бордақылаумен айналысатын 4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылса, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 237 отбасы 608,3 млн. теңге несие алып, 3063 бас ірі қара сатып алып, жұмыстануда. Ақжайық ауданында басқа қаражат көздері арқылы 400 млн. теңгеге ауысымына 50 бас мал соятын пункт («Батыс Нық» ЖШС) іске қосылып, жұмыс жасауда. Зеленов ауданы Дариян ауылында «Каверина» ЖК күніне 40 сүтті қайта өңдеп, түрлі өнім өндірмек. Қазіргі таңда сүт өнімдерін өңдейтін құрал-жабдықтар сатып алып, монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Наурыз айында ашылуы көзделіп отырған кәсіпорында 40 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сол секілді Тасқала ауданында «Балашова» ЖК ауысымына 1 тонна сүт өңдейтін цехты осы ақпан айында іске қосты.

Серік Базарұлы, биыл өңірге мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында қандай көлемде қаржы бөлінді, ол қандай мақсаттарға жұмсалмақшы?

2017 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға басқармаға бюджеттен 4242,9 млн. теңге бөлінді. Соның ішінде 273,3 млн. теңге өсімдік, 3420,6 млн. теңге мал шаруашылығына, 549 млн. теңге басқа шараларды өткізуге жұмсалмақ.  Бөлінген қаржы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінімдерінің түсуіне қарай жыл ішінде төленеді.

Енді өткен жылдың негізгі қорытындыларына тоқтала кетсеңіз?

2016 жылы 123,4 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, қызметі көрсетілді. Соның ішінде 50,2 млрд. теңге өсімдік, 72,7 млрд. теңге мал шаруашылығына, 0,5 млрд. теңге қызметтерге тиесілі. Өнім көлемі 2015 жылғыдан 17,4 пайызға өсті, бұл - республика өңірлері арасында ең жоғары көрсеткіш.

Айталық, дәнді дақылдардан таза салмақта 309,8 мың тонна (2015 жылы - 95,4 мың тонна) астық жиналды, оған қоса майлы дақылдардан 46,2 мың тонна өнім алынды. Өнім көлемі 4,1 есеге артты. Сонымен қатар 72,9 мың тонна картоп (өсім - 5,5 пайыз), 63,7 мың тонна көкөніс (3,9), 28,3 мың тонна бау-бақша дақылдары (2,9) жиналды. Алдағы егіннің қамы үшін 72,2 мың гектарға күздік бидай егіліп, 133,4 мың га сүдігер жыртылды. Облыс халқын ерте пісетін көкөніс өнімдерімен қамту үшін жалпы ауданы 33,3 мың шаршы метрлік 74 жылыжай болса, бұларда өткен жылы 479,5 тонна көкөніс өндірілді.

Мал шаруашылығына келсек, ет өндіру (80,6 мың тонна) 4,0, сүт (227,3 мың тонна) 0,6, жұмыртқа (153,6 млн. дана) 2,6 пайызға ұлғайды. Биылғы жыл басында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, ірі қара (496,2 мың, соның ішінде 247,8 мың бас сиыр) 5,5, қой мен ешкі (1151,8 мың) 2,0, жылқы (146,5 мың) 11,5, құс (934,1 мың) 10,5 пайызға көбейсе, түйе (2,7 мың) 3,1, шошқа (25,4 мың) 1,6 пайызға кеміді. «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламаларының арқасында мал басы мен өнім көлемі артып отыр. Осы мал қыстағы үшін 2183 мың тонна пішен әзірленді, бұл - қажеттіліктің 168 пайызы. Қазіргі кезде 941,9 мың тонна мал азығы бар, бұл қалған кезеңге толығымен жетеді.

Облыста 155 асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылық болса, соның 128-і ірі қараны асылдандырумен айналысады. 2016 жылы 2 мың тонна ірі қара етін экспортқа шығару жоспарланса, бұл 2073,8 тоннаға немесе 103,4 пайызға орындалды. Сонымен қатар осы бағдарлама аясында 13040 басқа арналған 7 мал бордақылау алаңында өткен жылы 721,7 тонна ет өндірілді. Өткен жылы қайта өңдеу кәсіпорындары 42,2 млрд. теңгенің өнімдерін өндіргенін айта кетейік. Олардың өнімділігін арттыру мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылды.

Мысалы, «Кублей» ЖШС өз қаражаты есебінен 1 млрд. теңгені құрайтын тоңазыту қондырғылары орнатылған, ауысымына 10 тонналық мал сою қосынын салып бітірді. Сол секілді Зеленов ауданында «Сизов» шаруа қожалығы жобалық құны 130 млн. теңгеге бағаланған сыйымдылығы 2 мың тонна көкөніс қоймасын іске қосты. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жобалық құны 3,7 млрд. теңге, жыл сайын 10 тонна қара уылдырық пен 131 тонна бекіре етін өндіре алатын кешен пайдалануға берілді. «ПОШ Руно» ЖШС жылына 182 мың дана ірі қара мен 624 мың дана ұсақ малдың терісін өңдейтін кәсіпорын құрылысын (жобалық құны - 2,2 млрд. теңге) осы жылдың аяғына қарай пайдалануға беруді жоспарлауда. Ал Зеленов ауданы Щапов ауылында «Жайық Агро ЛТД» ЖШС жылына 6,2 мың тонна құс етін өндіретін фабриканы тұрғызуда. Құны 3,5 млрд. теңге болатын бұл жоба 2017 жылдың үшінші тоқсанында жүзеге асырылмақшы. Ол 109 жұмыс орнын ашумен бірге өңірдің құс етіне деген қажеттілігін қамтамасыз ететін болады.

Соңғы жаңалықтар