БҚО-да ата-аналық құқығынан айырылғандар саны артты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында ата-аналық құқығынан айырылғандар саны артып отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жанар Ешпанованың айтуынша, 2016 жылы ата-аналық құқығынан айыру туралы 57 іс аяқталып, соның 42-сі қанағаттандырылған.

Өткен жылы 76 іс қаралып, соның 50-і бойынша ата-аналық құқығынан айыру туралы шешім қабылданған. Осылайша аяқталған істер саны 25 пайызға артты. Талап арызды қанағаттандыруға аналардың перзентханадан немесе балалар үйінен өз сәбиін бауырына алудан бас тартуы, сондай-ақ ата-аналардың ішімдікке салынуы және алимент төлеуден жалтаруы негіз болып отыр.

Қалалық білім беру бөлімінің өкілі Бақытгүл Бердеңғорова бала тәрбиесімен дұрыс айналыспайтын қолайсыз отбасылармен жұмыс ұдайы жүргізілетінін жеткізді. Бұл ретте, әсіресе, тұрғылықты мекенжайы жоқ, қаңғып жүретін ата-аналарды іздестіру ерекше қиындық туғызады. Сондықтан осы орайда мүдделі ұйымдардың бірлесіп іс тындырғаны әлдеқайда тиімді. 

Соңғы жаңалықтар