БҚО-да әлеуметтік салаға 45,8 млрд теңге жұмсалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл әлеуметтік салаға 45,8 млрд теңге бағытталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО қаржы басқармасының басшысы Айгүл Салахатдинованың айтуынша, бұл - облыс бюджеті шығысының 31 пайызы. Соның ішінде білім саласына 20,4 млрд, денсаулық сақтауға 15,1 млрд, мәдениет пен спортқа 5,6 млрд және әлеуметтік қамтуға 4,7 млрд теңге бөлінді.

2015 жылдан бастап облыс аумағында Ұлттық қордың мақсатты трансферттері мен бюджеттік несиелері есебінен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2015-2016 жылдары бұл мақсатқа облыс бюджетіне 15,7 млрд теңге бөлінсе, биыл 7,2 млрд теңге қаралды. Мысалы, осы қаржы есебінен 4,7 млрд теңгеге Орал қаласында 2400 орындық төрт мектеп құрылысы аяқталып келеді. Бұл қала мектептеріндегі  оқу жүйесін қалыпқа келтіруге, яғни үш ауысымдықтан құтылуға мүмкіндік береді.

Бюджеттік несиелеу арқылы Ақжайық, Бөрлі, Зеленов және Сырым аудандарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 2,5 млрд теңгеге 9 жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде сумен және жылумен қамту жүйелері жаңартылып, желілердің тозуы 5,7 пайызға қысқарады.

Оған қоса биылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Бұл мақсатқа 2,9 млрд теңге қарастырылып, коммуналдық тұрғын үй қоры мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жобалау, салу және дамыту бағытында Орал қаласы мен аудандарда 10 жоба іске асырылды.

2020 жылға дейінгі өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында елді мекендерді сумен қамту саласында 39 жоба қолға алынды. Бұған 10,4 млрд теңге бөлініп, соның нәтижесінде 55 ауыл таза ауыз суға қол жеткізетін болды.

Бұдан бөлек республикалық және жергілікті бюджет қаржысы есебінен ауылдар газдандырылуда. Орал жылу-қуат орталығына жеткізетін магистралды газ құбыры да тартылуда. Жалпы құны 7,0 млрд теңге бұл жобалар іске қосылғаннан кейін 35 елді мекен табиғи газға қосылмақшы.

«Биылғы облыс бюджеті 119,0 млрд теңге көлемінде бекітіліп, өзгертулер мен толықтырулар енгізу нәтижесінде 145,2 млрд теңгеге жетті. Қаржы басқармасы бюджеттік қаржылардың игерілуіне жүйелі түрде мониторинг жүргізіп, бақылау жасап, тиісті шараларды қабылдап келеді», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Айгүл Бақытжанқызы.  

Соңғы жаңалықтар