БҚО-да 9 мыңдай бала жарақат алған

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 9 мыңдай бала түрлі жарақат алған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, БҚО денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс балалар хирургі Александр Гехманның айтуынша, 2016 жылы балалардың биіктіктен (соның ішінде тоғыз қабатты үйден) құлаған 9 оқиғасы тіркелді.

Мұның басты себебі - терезелерде тордың дұрыс орнатылмауы. Сондай-ақ балалар түрлі нәрселерді жиі жұтып қояды. Сол себептен 52 балаға ота жасалды. Оған қоса химиялық заттармен уланудың 30 оқиғасы кездесті. Ата-аналардың қараусыз қалдыруынан балалар сынап, ағартқыш, кір жуу ұнтақтарын ішіп қойып жатады. Биыл қаңтарда 1,8 жастағы балдырған 63 пайыз дене күйігімен ауруханаға түсті. Ол анасы еденге қойған шелектегі ыстық суға күйіп қалған. Екі апта жансақтау бөлімінде жатып, беті бері қараған балаға енді терісін қайта салуға тура келеді.

Қан құю және басқа шығындарды есептемегенде, күйген бір баланы емдеуге мемлекет тарапынан 360 мыңдай теңге кетеді, жалпы шығын 1 млн. теңгеге дейін жетеді.

Хирург-травматолог Марат Жұмабаевтың сөзіне қарағанда, дене мүшесі шыққан немесе сынған балаларды әуелі емшілерге қаратып, сүйегі дұрыс бітпегеннен кейін әкелетін ата-аналар да бар.

«Ең бастысы, әр ата-ана баласының денсаулығы үшін жауапты екендігін түсінуі керек», дейді дәрігерлер.

Соңғы жаңалықтар