БҚО-да 23 мектеп жаңа спорт жабдықтарына қол жеткізді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 23 мектеп жаңа спорт жабдықтарына қол жеткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында бұл туралы бүгін Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев пен «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі - басқарушы директоры Лима Диас мәлім етті.

Л.Диастың айтуынша, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының әлеуметтік инвестициялары «Менің елім» бағдарламасына сәйкес жұмсалуда. Бағдарлама бойынша 2017 жылы Батыс Қазақстан облысына 504 млн теңге бағытталды. Биыл Жайық өңірінде облыс әкімдігінің қолдауымен үш жоба жүзеге асырылуда. Жоба операторы - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.
Атап айтқанда, «Түзету мектептеріне және интернаттарға қажетті жабдықтар» жобасы бойынша облыстағы 3 түзету мектебі 22,982 млн теңгенің жаңа құрал-жабдықтарымен жарақтандырылды. Олар: «Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты» КММ (8 млн 975 мың теңге), «Ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты» КММ (6 млн 538 мың теңге) және «Облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернат кешені» КММ (7 млн 468 мың теңге).

«Ойын және спорттық алаңдарын орнату» бағдарламасы аясында Орал қаласында жалпы сомасы 379 млн 785 мың теңгеге 7 спорттық және ойын алаңдары салынды.

«Жалпы орта білім беретін мектептерді спорт жабдықтарымен қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында облыстағы 20 мектеп «Биіктерге бірге!» байқауының нәтижесінде жаңа спорттық жабдықтармен қамтылды. Бұл мақсатқа 85,698 млн теңге жұмсалды. Спорттық жабдық алған мектептер: Бөкей ордасы ауданындағы М.Мәметова атындағы, Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы №4, Зеленов ауданындағы Дариян, Көшім, Трекин, №1 мектеп-лицей және Т.Жароков атындағы, Теректі ауданындағы Магистральный, Ақсуат, облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация-Лицей» мектеп-интернаты; дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешені және Оралдағы №3, №6, №17, №20, №26, №32, №36, 43, №44 орта мектептер.

Сондай-ақ «Менің елім» жобасы аясында «Дара» қайырымдылық қорымен бірге жалпы сомасы 15,5 млн теңгеге психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Бұл орталықта көмекті қажет ететін кез келген ерекше бала немесе оның ата-анасы жоғары білікті дефектолог, психолог, логопед, сурдопедагог, массажист, тифлопедагог мамандардан кешенді жәрдем ала алады. Барлығы Орал қаласында ерекше білім беруді талап ететін екі мыңнан аса бала тұрады. Олардың 800-ден астамы - мүгедектер. 400 бала кәсіби мамандардың көмегіне мұқтаж. Дамуында ауытқуы бар мектепке дейінгі балалардың 25 пайызы түзету көмегімен қамтылмаған. Жаңа орталық бұл санды азайтуға мүмкіндік береді. Жыл сайын орталықта дамуында ауытқуы бар 150 балаға және олардың ата-аналарына тегін қызмет көрсетілетін болады.

«Самұрық-Қазына» АҚ - Қазақстандағы үлкен 15 ұлттық компанияны топтастырған ірі холдинг. Холдингте барлығы 340 мың адам еңбек етеді. Холдингтің аса маңызды стратегиялық жұмыс бағыттарының бірі өзінің қызметкерлерінің жайлы өмірін қамтамасыз ету және солар тұратын қалалардың инфрақұрылымын дамыту болып табылады. Біздің қор 2016 жылы «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасын бастады. Бағдарлама холдингке кіретін ірі компаниялардың үлес салмағы басым облыстарда іске асырылуда. Күні бүгін Қазақстанда мұндай облыстардың саны - 9. Батыс Қазақстан облысында холдингтің 5600 қызметкері (шамамен 8200 отбасы) тұрып жатыр», - деді Л.Диас.

Қала әкімі М.Мұқаев өз сөзінде әлеуметтік жобалардың айрықша маңыздылығын атап өтті.

«Биыл қала әкімдігінің және «Samruk-Kazyna Trust» қоры қаржыларының есебінен 20 көпбейінді спорт нысанының құрылысы басталды. Олардың әрқайсысы қайталанбас ерекшелікке ие. Ендігі міндет - осы спорт нысандарын ұқыпты, дұрыс мақсатта пайдалану. Біз оларды қаланың теңгеріміне алдық», - деді М.Мұқаев.

Айта кетейік, бүгін «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдері «Ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты» КММ-да болды Сондай-ақ балалардың спорттық алаңы ашылып, «Биіктерге бірге!» байқауында жеңіске жеткен мектептерге сертификаттар тапсыру рәсімі болды.

Соңғы жаңалықтар