БҚО-да 220 шағын мектеп Bilimbook компьютерлік құрылғыларымен қамтылмақ

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында шағын жабдықталған 220 мектеп Bilimbook компьютерлік құрылғыларымен қамтылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, бұл ауыл мен қала жастарының ақпараттық-білім беру ресурстарына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында жасалуда.

Облыстағы 400-ге жуық мектептің 330-ы кең жолақты интернетпен қамтылған, ал қалған 30 мектепте интернет жылдамдығы төмен.
Жалпы, өңір бюджетінің 45 пайыздан астамы білім саласын дамытуға бағытталған. Өткен жылы 24 жаңа білім беру нысаны ашылып, 17-сі жаңадан жөнделді.

Назарбаев зияткерлік мектептерімен меморандум негізінде мұғалімдердің, мектеп директорларының біліктілігі арттырылуда. Жаңартылған бағдарлама 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілген. Облыстың 250 мектебі заманауи робототехника кабинеттерімен жасақталды.

Сонымен қатар өңірде IT-мектебін ашу жоспарлануда. Күні бүгін мектептер Bilim Land цифрлық білім беру тұғырнамасының ресурстарын белсенді пайдалануда. Бұл тұғырнама мектеп бағдарламасы бойынша жасалған 10 мыңға жуық қолданушы үшін интерактивті сабаққа мүмкіндік туғызып отыр. Мұғалімдерге арналған мыңдаған көрнекі құрал ұсынады. Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде онлайн, офлайн режимдерінде жұмыс істейді.

Айта кетейік, 2018-2020 жылдары ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп, 443 елді мекеннің 100-ден астамын интернет желісіне қосу жоспары бекітілді. Күні бүгін облыста 300-ге жуық елді мекенде интернет бар.

Соңғы жаңалықтар