БҚО-да 19 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеу көзделуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биылғы денсаулық сақтау бюджеті 15 млрд. теңге болса, соның ішінде 5,4 млрд. теңге «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалмақшы. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне сұхбат берген БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәншүк Аймұрзиева мәлім етті.

Оның айтуынша, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы тойланған өткен жылдағы маңызды оқиғаның бірі - Оралда 300 төсектік көп бейінді қалалық аурухана ашылғаны белгілі. Облыс орталығында қазіргі заманғы қалалық аурухананың іске қосылуы тың жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ең алдымен шаһар тұрғындарына көп бейінді медициналық қызмет көрсетіледі. Яғни нейро-инсульттық орталық, жарақат, әйелдер босанатын, жалпы терапиялық, гинекологиялық және басқа бөлімшелердің бір жерде болуы жұмыс тиімділігін арттырады. Оған қоса инсульт орталығына 350 млн. теңгеге моножоспарлы сандық ангиографикалық жүйе сатып алынбақшы. Бұл жобаның тиімділігі сол, қан айналымы ауруларын уақтылы анықтауға, миға қан құйылудың, ішке қан кетудің алдын алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, өлім-жітімді азайтуға септеседі.

Облыс бойынша биыл 19 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткізілсе, ол да медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсарта түсері анық.

null  

-Мәншүк Құдайбергенқызы, өңірде 2016 жылы қандай негізгі жұмыстар атқарылды, соған да тоқтала кетсеңіз?

Өткен жылы денсаулық сақтау бюджеті 27,4 млрд. теңгеге жетсе, соның 5,1 млрд. теңгесі «Денсаулық» бағдарламасының іс-шараларына бөлінді. 54 медициналық жабдыққа қоса 56 санитарлық автокөлік сатып алынса, соның 17-сі - реанимобиль.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 4 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөнделді. Атап айтқанда, Ақжайық аудандық орталық ауруханасы, осы ауданға қарасты Бударин ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Жәнібекте Көлтабан мен Құрсай елді мекендеріндегі медициналық пункттер қайта түледі.

Облыста 92 мыңнан астам адам тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді. 97 дәрігер жұмысқа орналастырылса, соның 49-ы ауылдық медицина ұйымдарына жолдама алды. 15 жас маман қызметтік пәтермен қамтамасыз етілді. «Болашақ» бағдарламасы аясында 6 маман Оңтүстік Кореяда біліктілігін көтеріп, тағылымдамадан өтті.

null

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Орал қаласы емханаларында электронды кезек жүйесі орнатылды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын айта кеткім келеді. Облыста сондай-ақ жіті миокард инфаркті, инсульт, жарақаттар, онкологиялық аурулардың алдын алу, әйелдерді босандыруға жәрдемдесу және балалар денсаулығын қорғау қызметін басқару бағытында денсаулық сақтау үлгілерін енгізу жөніндегі 2016-2019 жылдарға арналған өңірлік жол карталары жүзеге асырылуда. Бұл орайда ауруларды басқару бағдарламасы пилоттық жоба ретінде енгізілді.

Ауруларды ерте анықтау үшін 220 мың адам скринингтік тексерумен қамтылса, науқастарға 1119 жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді.

null

Жүргізілген шаралар нәтижесінде адам өмірінің ұзақтығы 71,7 жасқа жетсе, денсаулық индексі 18 пайызды құрады, сәбилердің шетінеуі 8,4, қан тамырлары ауруларынан өлім-жітім 5,5 пайызға төмендеді. Туберкулез ауруы 17,3, одан өлім-жітім 22,9 пайызға, қатерлі ісіктен көз жұмғандар 0,3 пайызға азайды. Қатерлі ісіктерді ерте, 1-2-інші сатысында анықтау 58,2 пайызды құрады. Жарақат, оқыс оқиға және уланудан қаза тапқандар 5,4 пайызға қысқарды.

null

Айта кетейік, 2017 жылы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басты көрсеткіші - тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын 72,1 жасқа жеткізу көзделуде.

Соңғы жаңалықтар