БҚО-да 180 басшы әйел жұмыс істейді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 180 басшы әйел жұмыс жасайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов ардагер аналарды, әр салада жемісті қызмет атқарып жүрген әйелдерді мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының Парламенттің бірлескен отырысында бес әлеуметтік бастама көтергенін, оны халықтың қолдап отырғанын айтып, осынау көкейкесті мәселелерді шешуге мемлекет пен қоғам өміріне белсене араласып жүрген әйелдердің қомақты үлес қоса алатынын атап өтті.

Өңірде жыл санап атқарушы, өкілді және сот органдарында қызмет атқаратын әйелдер саны артып келеді. БҚО-дан бір әйел Мәжіліс депутаты болып сайланса, тағы бірі ҚР Есеп комитетінің төрайымы қызметін атқаруда.

Сондай-ақ, 1 облыс, 4 аудан әкімінің орынбасары, 15 ауылдық округтер әкімдері мен олардың орынбасарлары, 50 облыстық басқармалар, қалалық және аудандық бөлімдер басшылары, 54 жергілікті мәслихат депутаттары - әйелдер. Сот жүйесінде 100 әйел болса, соның 54-і - судьялар. 17 мыңнан астамы білім, 8,5 мыңнан астамы денсаулық сақтау саласында жұмыс жасайды.  Қорғаныс саласында 127 әйел болса, соның 8-і - әскери қызметкерлер. Облыста 48 мың шағын кәсіпкерлік нысаны болса, соның 19 мыңына әйелдер басшылық етеді. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» атағын алған ардақты аналар да баршылық.

Жиында ақындар Ақұштап Бақтыгереева, Дариға Мұштанова, Жансая Мусина, еңбек ардагері Роза Көжекова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко және басқалар риясыз тілектерін білдірді.

Сондай-ақ, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Миллион раушан гүл» атты мерекелік концерт қойылып, шара алдында «Ақжайықтың асыл арулары» атты жинақтың екінші басылымы таныстырылды. 

Соңғы жаңалықтар