БҚО-да «100 жаңа есім» жобасына іріктеу жұмыстары жүргізілуде

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сәйкес Батыс Қазақстан облысында «100 жаңа есім» жобасына іріктеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының міндетін атқарушы Жамал Ихсанованың айтуынша, өңірде 24 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылды. Топ құрамына Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, облыстық қоғамдық келісім, ақсақалдар, аналар кеңесінің өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, облыстық кәсіподақтар кеңесінің мүшелері, облыстық басқарма, кәсіпорын басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енді. Бүгінгі таңда жұмыс тобының екі отырысы өткізіліп, «100 жаңа есім» жобасының тұжырымдамалық негіздемесі және жұмыс тобының нақты іс-шаралар жоспары бекітілді. Бекітілген жұмыс жоспары бойынша атқарылатын жұмыс бірінші іріктеу, екінші ілгерілету  кезеңдеріне бөлінді. Сонымен қатар қала, аудан және ауылдық округтерде  74  жұмыс тобы құрылып, 1480  адам  осы бағытта жұмыс жасауда. Қазіргі кезде барлық  жұмыс тобы жоспарға сәйкес жұмыстарын бастап кетті.

«100  жаңа есім» жобасы бойынша нақты бағыт-бағдар айқындалды. Біріншіден, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығында қоғам дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғалар қатарынан іріктеу. Екіншіден, тізімді жасақтау барысында тұлғалардың өмірі мен әлі де көпшілік білмейтін ізгі істерін алға тарта отырып, үміткерлерді  ұсыну (мысалы, Бөрлі аудандық кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Анның ұшақта алғашқы медициналық көмек көрсетуінің арқасындағы екі жолаушының аман қалуы, оның балалар үйіндегі бір баланы өз қамқорлығына алып, асырауы немесе жеке кәсіпкер Нұрлыбай Жолдыбаевтың өз қаражатына Қазталов ауданы Талдыапан ауылдық округінің Сарықұдық ауылына фельдшерлік амбулаториялық пункт ғимаратын салуы).

Үшіншіден, ұсынылатын үміткерлер Данияр Елеусінов, Екатерина Ларионова секілді елге танылған азаматтар қатарынан болмауы тиіс.

Тағы бір айта кетер жайт, республикалық сарапшылар тобы еліміздің басты телеарналарының бас продюсерлерінен, редакторларынан, танымал БАҚ тілшілерінен құралады. Сондықтан  ұсынылатын үміткерлердің өмірлік жолы  халықтың көңілінен шығатын, жанды тебірентетін, әр азаматқа талпыныс беретін, патриоттық сезімді күшейтіп, рухтандыратын болуы керек. Міне, осындай қасиеттер көркем немесе деректі фильмнің, әлеуметтік роликтердің негізіне енуіне мүмкіндік береді. Сол себепті бұл жұмысқа қоғамдық пікір көшбасшыларын тартып, жалпы жұртшылықты жұмылдыру қажет. Осы бағытта бұқаралық  ақпарат құралдарының (газет, интернет, радио, әлеуметтік желі) рөлі зор. Ұсынылатын үміткерлердің өмірі мен жетістіктері туралы бейнефильмдер мен материалдар республикалық және аймақтық БАҚ-тарға жарияланады.

«Осылайша әр аудан іріктеп, кем дегенде 20 үміткерді биылғы жылдың 10 тамызына дейін Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы хатшылығына ұсынады. Содан кейін оларды іріктеу, ілгерілету жұмыстары жүргізіледі. «Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс» деп, Елбасымыз атап өткеніндей, халықтың шынайы көңілінен шығатын тұлғаларды таңдауда Батыс Қазақстан облысында да барынша белсенді жұмыс атқарылатын болады», деді Ж.Ихсанова.

Соңғы жаңалықтар