БҚО білім басқармасына жаңа басшы келді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Конкурстық негізде және ҚР Білім және ғылым министрлігінің келісімімен Шолпан Маратқызы Қадырова БҚО білім басқармасының басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов білім басқармасының жаңа басшысына Елбасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласында әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру үшін ең қажеттісі - білімнің салтанат құруы туралы айтқанын баса көрсетіп, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Соның ішінде Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі білім берудің озық үлгілерін облыс мектептеріне енгізу бағытында жұмыстану, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты болдырмау мақсатында шалғай ауылдардағы шағын жинақталған мектептерде электронды оқытудың заманауи құралдарын қолдану, кең жолақты интернет жеткізу бағытындағы жұмыстарды жүргізу және мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру жұмыстарын ұйымдастырып, жүзеге асыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Шолпан Маратқызы 1991 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын бітірген.

Еңбек жолын 1991 жылы Жымпиты орта мектебінің мұғалімі ретінде бастады. 1994-1995 жылдары Орал педагогикалық колледжінің оқытушысы, 1995-1998 жылдары Сырым ауданының білім бөліміндегі тәрбие орталығының директоры, 1998 жылдан бастап Дәулеткерей атындағы өнер институтында әр түрлі қызметтерде болды. Ал 2000-2002 жылдар аралығында Батыс Қазақстан облыстық педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының әдіскері болып жұмыс жасады. 2002 жылдан бастап Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының бөлім басшысы қызметін атқарды. 2009-2011 жылдары Орал қаласындағы есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнаулы мектеп-интернат-кешенінің директоры болды. Ал 2011 жылдан бүгінге дейін Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры қызметін атқарды.

Айта кетейік, бұдан бұрын осы қызметті атқарған Айгүл Мыңбаева биылғы 30 маусымда БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып тағайындалған еді.

Соңғы жаңалықтар