БҚО: 2017 жылы Жаңақала ауылында бірқатар әлеуметтік нысан бой көтереді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биыл Жаңақала ауданы орталығы Жаңақала ауылында 280 орындық жаңа балабақша салу жоспарлануда. 

Бұл туралы аудан әкімі Лавр Хайретдинов мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Лавр Рашидұлының айтуынша, аталмыш балабақша ғимаратының жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып қойған. Құны - 662 млн. теңге. Енді биыл қажетті қаржы бөлінсе, құрылысы басталады. Соңғы жылдары Жаңақалада тұрғын үй құрылысы қарқын алып, соның нәтижесінде халық саны 9 мыңға жетті. Аудан орталығының батыс аумағында жаңа ауыл пайда болды. Сондықтан ауылда үлгі жобадағы екі балабақша, бейімделген ғимаратта орын тепкен тағы екеуі және мектеп жанында шағын орталық болғанымен, мұның бәрі аздық етуде.

2017 жылы Жаңақала ауылында балабақшаға қоса сумен қамту жұмыстары жүргізіліп, үш қабатты көппәтерлі тұрғын үй салынбақ. Алдағы жылдары мәдениет үйі, ашық спорт алаңы, бизнес және әкімшілік ғимараттарын салып, инженерлік инфрақұрылым желілерін тарту көзделуде.

Айта кетейік, өткен жылы аудан бойынша құрылыс саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қор қаражаты есебінен бөлінген 117,150 млн. теңгеге Жаңақала ауылындағы тұрғын үйлерге сыртқы инженерлік желілер (сумен жабдықтау) құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде 32,7 шақырымды құрайтын су құбыры тартылып, 384 үйге су жеткізілді. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымдарды жеткізу бойынша бюджеттен қаралған 35,941 млн. теңгеге Бірлік ауылындағы 80 жер телімінің инженерлік инфрақұрылымын тарту ісі жүргізілді. Жоба бойынша 3,8 шақырым газ құбыры, 4,5 шақырым электр желісі тартылды. Сондай-ақ Жаңақала ауылында күні бүгін тұрғын үй құрылысы үшін кезектегі азаматтарға берілген 1888 жер телімінің 1218-і  газбен, 978-і электр желісімен, 895-і сумен қамтылды. Нәтижесінде 52,3 км газ, 71,6 км су, 63,5 км электр желісі тартылып отыр. Алдағы жылдары қалған жер телімдерін инженерлік желімен қамту үшін жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда.

Сонымен қатар Жаңақала ауылындағы 19 коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысы аяқталды. Барлық инженерлік инфрақұрылымы (су, газ, электр, кәріз) қосылды.

Жалпы, тұрғын үйлерді іске қосу көрсеткіші бойынша Жаңақала ауданы облыста алдыңғы қатарда. 2016 жылы жоспардағы 6500 шаршы метрдің орнына 7161 шаршы метр тұрғын үй іске қосылды.

«Жаңақала ауданындағы өзекті мәселенің бірі - ауыз су. Халықты сапалы ауыз сумен жабдықтау бойынша ірі жоба құрылысы - «Құлшық» жер асты су көзінен Жаңақала топтық су құбырын тарту жұмыстарына, соның ішінде бірінші кезеңінің жалпы жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау мен сараптамадан өткізуге 28,766 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, жобалаушы ұйым - «СПС» ЖШС-мен жұмыстар жүргізілуде. Жобаның құрылысы 2017-2018 жылдарға жоспарланып отыр. Жоба толық іске қосылғанда, жер асты таза су қорынан аудан халқының 70 пайызы ауыз сумен қамтылатын болады», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Л.Хайретдинов.

Соңғы жаңалықтар