Бизнестің жол картасы бойынша Атырау облысында 172 жоба жүзеге асуда

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша жобаларды субсидиялау құны 12,6 миллиард теңгені құрады, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Бизнес-конференция барысында Атырау облысындағы кәсіпкерлік жобаларға қаржылық және қаржылық емес қолдау көрсету мәселесі талқыланды. Жиынға халықаралық қаржы институттарының 10-нан аса өкілі қатысты. Сонымен қатар, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі өкілі еліміздің өңірлерінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің түрлі бағдарламаларының артықшылықтары туралы баяндап, Атырау облысында кәсіпкерлер санының қарқынды өсуін атап өтті. 
null

 Өткен жылы облыста үйлестіру кеңсесінің шешімімен 89 жаңа жобаны қабылдаса, биылғы жылы жобалар саны 172-ге жеткен. Осыған орай, өңірде 811 жаңа жұмыс орны құрылды. Мемлекеттің қаржылық қолдауына мемлекеттік гранттар, кепілдіктер және субсидиялар кіреді. Жергілікті билік ауыл кәсіпкерлеріне де қолдау білдіріп, жергілікті бюджеттен шағын несиелер үшін де қаражат бөліп отыр.

 - Жергілікті бюджеттен облыс әкімінің тікелей бастамасымен шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыруға 600 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі жиын Атырау облысындағы кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін береді деген үміттеміз, - дейді Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқарма басшысының орынбасары Гүлзада Қайырғалиева.
null

Айта кетсек, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалар саны өткен жылмен салыстырғанда 93%- ға өскен.

Соңғы жаңалықтар